Әлеуметтік желілерде Ресейдің Ленинград облысында болған жанжалдың видеоcы тарады. Видео авторының жазуынша, жаппай төбелеске Қазақстан азаматтары да қатысқан. Мұны еліміздің Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Threads желісіндегі мәліметке сәйкес, оқиға Усть-Луга кентіндегі вахталық қалашық аумағында болған. Желіде тараған видеодан бір топ адамның төбелесіп жатқанын көруге болады. Бір сәтте олардың жанынан бар жылдамдықпен көлік жүріп өтеді.
Желі қолданушыларының бірі жанжал қазақстандықтар мен жергілікті күзет қызметкерлері арасындағы түсініспеушіліктен басталғанын айтқан.
Сонымен қатар желіде күндіз түсірілген тағы бір видео тарады. Кадрдан күзетшілердің адамдарды күштеп көлікке отырғызып жатқанын көруге болады.
Сыртқы істер министрлігі жағдайдың 26 наурыз күні Усть-Луга кентінде болғанын растады. Министрлік мәліметінше, жанжалға қатысушыларды Ресейдің құқық қорғау органдары ұстаған.
“Санкт-Петербургтегі еліміздің Бас консулдығы 26 наурызда Усть-Луга кентіндегі “Велестрой” компаниясының нысанында Қазақстан азаматтарының қатысуымен болған жанжалға қатысты ақпаратты тексеріп жатыр. Мәліметке сәйкес, оқиғаға қатысушылар мән-жайды анықтау үшін Ресейдің құқық қорғау органдары тарапынан ұсталды. Ресейдің құзырлы органдарына және компания басшылығына ресми сұраулар жолданды”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар министрлік елшіліктің Санкт-Петербург пен Ленинград облысының ішкі істер органдарымен байланыста екенін мәлімдеді. Қазір зардап шеккен қазақстандықтардың саны мен олардың құқықтық мәртебесі нақтыланып жатыр. Жағдай министрліктің бақылауында.