28.03.2026, 14:30

Ресейдегі жаппай төбелес: СІМ қазақстандықтар туралы мәлімдеме жасады

Фото: Видеодан алынған кадр

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі атап өткендей, Қазақстан Республикасының Санкт-Петербургтегі Бас консулдығы қызметкерлері Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары өкілдерімен тұрақты байланыста.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев Ресейдің Ленинград облысында болған жанжалға қатысты түсініктеме беріп, Санкт-Петербургтегі Бас консул Қазақстан азаматтарына қолдау көрсетіп жатқанын айтты, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.

Оның сөзінше, 2026 жылғы 26 наурызда Ленинград облысының Усть-Луга вахталық ауылында тұрмыстық сипаттағы оқиға болып, оған Қазақстан азаматтары да қатысқан.

– Жағдайды жан-жақты және объективті анықтау мақсатында Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары тиісті процессуалдық шаралар жүргізіп, қақтығысқа қатысушылар ұсталды. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жалғасып жатыр. Қолдағы мәліметтерге сәйкес, Қазақстан азаматтары арасында ауыр жарақат алған немесе ауруханаға жатуды қажет ететін тұлғалар жоқ. Оқиға орнындағы жағдай тұрақты және тиісті қызметтердің бақылауында, – деді Ерлан Жетібаев.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі атап өткендей, Қазақстан Республикасының Санкт-Петербургтегі Бас консулдығы қызметкерлері Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары өкілдерімен тұрақты байланыста.

– Бас консул оқиға орнына барып, Қазақстан азаматтарына қажетті консулдық-құқықтық қолдау көрсетіп, барлық жағдайды нақтылап отыр, – деді ол.