Жайсыз түстерімнің мәнісін бүгін ұқтым.
Танымал журналист Жанар Байсеміз қоғамда шу тудырған Ахмед Құрбанәліге қатысты даудан кейін әлеуметтік желідегі парақшасында мәселеге қатысты жазба жариялады деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
"Үш күн жайсыз түс көрдім. Сұхбатқа келетін бір адаммен екі күн бойы түсімде ұрсысып шықтым. Дауысым шықпай, булығып қиналдым.
Маған қатысты бір қитұрқы іс жасапты деймін. Соны жеткізе алмай қиналдым. 3-күні жұбайымның жоқ көңілдесі кіріпті. Жап-жас қыз екен деймін. Жанын шығардым байғұстың. 4-күні тамағымнан ұстап, қатты ауырып қалдым. 2 күндік бүкіл съемкамды кейінге қалдыруға мәжбүр болдым. Тамағым ауырмағалы көп жыл болған. Таңертең мамамның әдісімен тұзбен бастым. Жөтел қысып жатыр.
Жайсыз түстерімнің мәнісін бүгін ұқтым. Ол жайында айтамын ба, айтпаған дұрыс па көремін. Не болса да қайыры бар шығар.
Сұмдық резонанс тудырған сұхбатыма қатысты. Рухым сездірген екен. Мені сырттай күстәналап, айыптап, жамандап жатқан, істің байыбына бармай байбалам салып жатқан адамдардың жүрегі тыныштық тапсын. Жандары махаббатқа бөленсін. Құдай түбін берсін.
Түбінде бәріміз өлеміз. Аз ғана өмірде бір бірімізге жамандық тілемей, тату-тәтті өмір сүрейік. Бұл тредс те, тик ток та, инста да, фейсбук те бәрі қалады…
Ешкіммен жауласқым келмейді, дауласқым да келмейді, дәлелдегім де, түсіндіргім де, ақталғым да келмейді. Бәрі өткінші.
Дәл қазір мен ауырып жатырмын. Бұл да уақытша. Дәл қазір мен жеңілдім. Бұл да уақытша. Дәл қазір сенің дәуренің жүріп тұр. Ол да уақытша.
Дәл қазір сенің сөзің өтіп тұр. Ол да уақытша. Дәл қазір сенің дәулетің тасып тұр. Ол да уақытша. Дәл қазір сенің билігің жүріп тұр. Ол да уақытша. Мен де уақытша. Сен де уақытша", деп жазды журналист Жанар Байсеміз.
Еске салып өтейік, Жанар Байсеміз таяуда имам Ахмед Құрбанәлиден сұхбат алып, сол сұхбатта имам өз әйелін шәкіртіне бере салғаны туралы айтқан болатын. Имамның осы сөзіне қатысты Алматы полициясы оған айыппұл салған болатын.