30.03.2026, 11:00

Ресейдегі жаппай төбелес: бірнеше қазақстандық тұтқындалды

Фото: ulysmedia.kz

28 наурызда Бас консулдықтың қызметкерлері Усть-Лугадағы вахталық кентте жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарымен, оның ішінде тұрмыстық жанжалдан кейін ұсталған азаматтармен кездесу өткізген.

Қазақстанның Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулдығы Усть-Лугадағы вахталық кенттегі жағдайға қатысты түсініктеме берді. Белгілі болғандай, тәртіпсіздіктерге қатысқан бірнеше қазақстандық 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап. 

28 наурызда Бас консулдықтың қызметкерлері Усть-Лугадағы вахталық кентте жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарымен, оның ішінде тұрмыстық жанжалдан кейін ұсталған азаматтармен кездесу өткізген.

«Мәлім болғандай, бастапқыда тәртіпсіздіктерге бірнеше жүз адам қатысқан. Оқиғадан кейін әртүрлі елдердің 30-дан астам азаматы ұсталды. Алғашқы тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін ұсталғандардың басым бөлігі босатылды. Бірқатар тұлғаға, оның ішінде Қазақстан азаматтарына қатысты 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы сот шешімдері қабылданды. Тағы үш ҚР азаматына қатысты тергеу жүргізілуде. Қазақстан азаматтары арасында зардап шеккендер немесе медициналық көмекке мұқтаждар жоқ. Барлық қазақстандыққа қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ вахталық кентте компания қызметкерлері (қазақстандық жұмысшылар мен учаске бригадирлері), Ресейдің құқық қорғау органдары, жұмыс беруші компания мен күзет агенттігі өкілдерінің қатысуымен кездесу өтіп, алдағы уақытта осындай оқиғалардың алдын алу шаралары қарастырылған.

Бас консулдықтың ақпаратынша, қазір вахталық кентте жағдай тұрақты. Төбелеске қатысқан екі тарапқа қатысты тергеу шаралары жалғасуда, оның қорытындысы бойынша жанжалға қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.

Айта кетері, Усть-Лугадағы вахталық кентте шамамен 15 мың адам тұрады, олардың барлығы – Ресейдің ірі экспорттық порттарының бірін салуға қатысатын түрлі мердігер ұйымдардың вахталық қызметкерлері.

Тегтер: төбелес Ресей