$ 481.54  553.24  5.93

«Жалған анықтама жасатуы мүмкін»: Нұрай Серікбайдың ісіне қатысты тың дерек шықты

Жәбірленуші тарап күдіктіге қатысты жүргізілген сараптама нәтижелерімен келіспей, істің әділ әрі жан-жақты қаралуын талап етіп отыр.

Фото: otyrar.kz
Фото: otyrar.kz

Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Жәбірленуші тарап күдіктіге қатысты жүргізілген сараптама нәтижелерімен келіспей, істің әділ әрі жан-жақты қаралуын талап етіп отыр.

Марқұмның туыстарының айтуынша, күдікті Шерхан Аймаханға жасалған медициналық тексерудің алдын ала қорытындысында оның психикалық жағдайына қатысты кейбір өзгерістер тіркелген. Осыған байланысты олар күдіктінің жауапкершіліктен жалтару қаупі бар екенін жоққа шығармайды.

Марқұмның ағасы бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, өз пікірін былай жеткізді:

«Жалған анықтама жасатып, жазадан құтылып кетуі мүмкін деп қорқамыз. Алдымен Шымкентте тексерілген еді. Ол қорытындыда “психикалық ауытқу белгілері бар” деп көрсетілген. Біз сенімсіздік танытып, Алматыдан қайта сараптама талап еттік. Сол жақтан да осындай қорытынды берілген», — дейді ол.

Сонымен қатар ол күдіктінің қалыпты өмір сүріп жүрген адам екенін айтып, сараптама нәтижесіне күмән келтірді.

«Шыны керек, бұл жерде симуляция белгілері байқалады. Себебі күдікті – қоғамда өмір сүріп жүрген, дені сау адам. Қазіргі ақпарат бойынша ол Шымкентте емес, Талғардағы психиатриялық мекемеде жатыр», — деп қосты марқұмның ағасы.

Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жалғасуда. Жәбірленуші тарап істің ашық және әділ қаралуын талап етуде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0