Оқиға 10 наурыз күні жанармай бекетінің аумағында болған.
Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында жанармай құю бекетінде металл бөшке жарылып, бір қызметкер ауыр күйік алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға 10 наурыз күні жанармай бекетінің аумағында болған. Алдын ала деректерге сәйкес, жұмыс барысында көлемі 200 литрлік металл ыдыс жарылып, соның салдарынан қызметкер зардап шеккен. Оның беті мен денесінің жоғарғы бөлігі күйік шалған. Қазіргі уақытта ол ем қабылдап, оңалту курсынан өтуде.
Жарақат алған азаматтың туыстары оқиғаның қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан болуы мүмкін екенін айтып, толық әрі жан-жақты тергеу жүргізуді сұрап отыр.
Ал Төтенше жағдайлар департаменті бұл жағдай бойынша шақырту түспегенін және өрт фактісі тіркелмегенін мәлімдеді.
«Өрт болған жоқ. Анықтаушылар полицияның шақыртуымен ауруханаға барды. Зардап шеккен адамға өрт қауіпсіздігі талаптарын бұза отырып жұмыс істегені үшін ескерту берілді», – делінген ведомство хабарламасында.
Еңбек инспекциясы өкілдерінің айтуынша, зардап шеккен азамат ресми еңбек шартысыз жұмыс істеген. Ал ықтимал жұмыс беруші еңбек қатынастарының болғанын жоққа шығарып отыр.
Қазіргі таңда оқиғаға қатысты қосымша тексеріс жүргізілуде. Атап айтқанда, жасырын еңбек қатынастарының бар-жоғы да қарастырылып жатыр. Іс материалдары компания тіркелген Алматы қаласына жолданатын болады