"Айтқан пікірлері ҚМДБ ұстанымын білдірмейді".
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қоғамда резонанс тудырған «әйелін басқа ер адамға беруге болады» деген мазмұндағы пікірлерге қатысты мәлімдеме жасап, мұндай әрекеттердің шариғатқа қайшы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бас мүфти кеңесшісі Смайыл Сүйерқұлұлының айтуынша, соңғы уақытта қоғамда қызу талқыланып жатқан кейбір пікірлер ислам дінінің атынан айтылғанымен, шын мәнінде оның қағидаларына сәйкес келмейді.
Атап айтқанда, жұбайын әдейі ажырасып, оны басқа адамға «беру» немесе соған итермелеу шариғатта құпталмайтын әрекет екені атап өтілді.
ҚМДБ өкілі қоғамда қызу талқыға түскен Құрбанәлі Ахмет есімді азаматтың ресми діни басқармаға қатысы жоқ екенін нақтылады.
Оның Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен ешқандай байланысы жоқ. Айтқан пікірлері ҚМДБ ұстанымын білдірмейді, – деді Бас мүфти кеңесшісі Смайыл Сүйерқұлұлы.
Мәлімдемеде исламда ажырасу рұқсат етілгенімен, бұл – Алла алдында ең ұнамсыз амалдардың бірі екені айтылды.
Ал ажырасқаннан кейін кіммен отбасы құру – әр адамның өз еркінде. Алайда әдейі ажырасып, басқа біреуге тұрмысқа шығуды ұйымдастыру шариғатта қолдау таппайды, - деп түсіндірді ол.
ҚМДБ өкілдері жекелеген адамдардың әрекеті үшін дінді айыптауға болмайтынын ескертті.
Сондай-ақ деструктивті ағымдардың ықпалына қарсы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды.