$ 475.09  551.06  5.87

Қазақстанда қайтадан -5°C-қа дейін суық болады

2026 жылдың сәуірі көктемге тән жылы ауа райымен басталады.

Фото: pixabay
Фото: pixabay

"Қазгидромет" РМК мамандары 2026 жылдың сәуір айында Қазақстанда ауа райы қандай болатынын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Синоптиктердің мәліметінше, көктемнің екінші айында елде ауа температурасы құбылып тұрады.

"2026 жылдың сәуірі көктемге тән жылы ауа райымен басталады. Айдың алғашқы күндерінде күндіз ауа температурасы +15…+23°C-қа дейін көтеріледі, ал елдің оңтүстігінде +32°C-қа дейін жетіп, жазға ұқсас ыстық болады. Алайда бірінші онкүндіктің соңына қарай солтүстік-батыс өңірлерде суық қайта оралады: түнде ауа температурасы -5°C-қа дейін төмендеп, күндіз +5…+13°C шамасында болады. Орталықта, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста ыстық бәсеңдеп, +15…+23°C деңгейінде сақталады. Шығыс өңірлерде алдымен күн жылып, кейіннен қайтадан салқындайды", делінген синоптиктер хабарламасында.

Болжамға сәйкес, сәуірдің екінші жартысында республикада қайтадан жылы ауа райы орнығады.

"Солтүстікте, орталықта және шығыста ауа температурасы +25°C-қа дейін жылынса, оңтүстік пен батыста +35°C-қа дейін көтеріледі. Дегенмен қысқа мерзімді суық толқындары болуы мүмкін", – делінген "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметінің хабарламасында.

Синоптиктердің айтуынша, айдың басында батыс және солтүстік-батыс өңірлерде жиі жаңбыр жауады, кей жерлерде нөсер жаңбыр мен найзағай күтіледі.

"Басқа өңірлерде жауын-шашын айдың ортасы мен соңына қарай байқалады", – деп нақтылады мамандар.

Жалпы, болжам бойынша, Қазақстанда сәуір айы жылы болады. Жауын-шашынның негізгі бөлігі батыс және таулы аймақтарға түседі, ал қалған өңірлерде климаттық норма шегінде болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0