03.04.2026, 11:20

Шаштарын тартып, тас лақтырған: Алматыда бір топ қайыршы тұрғындарға шабуыл жасады (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот

Оқиға 2 сәуір күні шамамен сағат 16:50-де Құрманғазы көшесі бойында орналасқан «Кафетерия» маңында болған. 

Алматы қаласының орталығында қыздарға кәмелетке толмағандардың шабуыл жасағаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оқиға 2 сәуір күні шамамен сағат 16:50-де Құрманғазы көшесі бойында орналасқан «Кафетерия» маңында болған. 

Жәбірленушілердің айтуынша, олар көшеде серуендеп жүрген кезде бір топ қыз келіп, ақша сұраған. Алайда қыздар сыпайы түрде бас тартқаннан кейін жанжал туындаған.

Оқиға куәгерлерінің сөзінше, күдіктілер жәбірленушілерге балағат сөздер айтып, шаштарынан тартып, тырнап, тіпті тас пен әйнек бөтелке лақтырған. Сондай-ақ олардың жеке заттарын тартып алып, үстілеріне белгісіз сұйықтық шашқан.

Зардап шеккендер жақын маңдағы дәмханаға кіріп жасырынуға тырысқанымен, шабуыл жасағандар олардың соңынан еріп барып, жанжалды жалғастырмақ болған.

Аталған жайт бойынша Алматы қалалық полиция департаменті тексеру жұмыстарын бастағанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта Медеу және Алмалы аудандарының полиция басқармалары тарапынан тиісті шаралар жүргізіліп жатыр.

Тексеру барысында күдіктілердің жеке басы анықталып, олардың Тәжікстан Республикасының кәмелетке толмаған азаматтары екені белгілі болды. Олар Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған.

Полиция мәліметінше, жасөспірімдердің заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, аталған тұлғаларды Қазақстан аумағынан шығару мәселесі қарастырылып жатыр.