03.04.2026, 16:00

«Кеген – Нарынқол» трассасында жолдың бір бөлігі опырылып түсті (ВИДЕО)

Фото: Қазавтожол

Су өткізгіш құбыр зақымданып, салдарынан жолдың бір бөлігін шайып кеткен.

Алматы облысында «Кеген – Нарынқол» автожолының бір бөлігі опырылып түсті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, оқиғаға еріген қар суы себеп болған.

Су өткізгіш құбыр зақымданып, салдарынан жолдың бір бөлігін шайып кеткен.

"2026 жылғы 3 сәуір күні сағат 11:30-да «Кеген – Нарынқол» республикалық маңызы бар автомобиль жолының 20-шақырымында ауа температурасының күрт жылынуы және таудағы еріген қар суларының ағуы салдарынан қолданыстағы су өткізгіш құбырдың зақымдануы, сондай-ақ жолдың жер төсемінің шайылуы тіркелді. Аталған учаске бұған дейін су тасқыны қаупі бар аймақтар қатарына жатпаған. Қазіргі уақытта бұл жол бөлігі орташа жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты мердігер ұйымның қарауында. Оқиғаның орын алуына байланысты қозғалыс уақытша шектеліп, көлік қатынасы қиыршықтасты жол арқылы ұйымдастырылды. Жағдай тиісті қызметтердің тұрақты бақылауында. Қазіргі уақытта шамамен 20 бірлік арнайы техника жұмылдырылуда", - делінген хабарламада. Жақын арада қиыршықтас төсемі бар уақытша айналма жол салу жоспарланып отыр. Су өткізу құбыры мен жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары еріген судың өтуі толық аяқталғаннан кейін басталады. Аталған учаскедегі қозғалыс қарқындылығы тәулігіне шамамен 500 автокөлікті құрайды. Жол 1960–1970 жылдары салынған.