Ұлттық статистика бюросы ресми сайтында 2025 жылдың IV тоқсанына арналған деректерді жария етті.
Ресми дерекке сенсек, былтыр елдегі білім беру саласында орташа айлық жалақы 5,7%-ға өскен, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ведомство мәліметінше, 2025 жылғы IV тоқсандағы жалақының медианалық мәні (жалақы қатарының орталық деңгейі) бағалау бойынша 339 912 теңгені құраған. Кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алмағандағы орташа айлық атаулы жалақы мәні 473 158 теңге болды. 2024 жылғы тиісті тоқсанмен салыстырғандағы атаулы жалақы индексі 108,8% болса, нақты мәндегі индекс – 96,8%.
IV тоқсанда орташа жалақы көлемінің өсуі жыл қорытындысы бойынша берілетін қосымша төлемдер мен мерекелік сыйақылардың артуымен түсіндіріліп отыр.
– 2024 жылғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғарғы өсімі ауыл, орман және балық шаруашылығы – 25,9%, жылжымайтын мүлік операциялары – 14,5%, көлік және қойма – 11,9%, өнер, ойын-сауық және демалыс – 10,8%, ақпарат және байланыс – 10,7%, көтерме және бөлшек сауда; автомобильдерді және мотоциклдерді жөндеу – 10,3% салаларында байқалды, – деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.
Мұнан бөлек, білім беру саласында орташа айлық жалақы 5,7%, ал денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер саласында 5,6% өскен.
2025 жылдың IV тоқсаны қорытындысында Қазақстандағы ең жоғары орташа айлық жалақы – Астана қаласында. Оның мөлшері – 659 610 теңге. Сондай-ақ, Маңғыстау облысы (658 762 теңге) мен Ұлытау облысы да (648 620 теңге) ең көп жалақы төлейтін өңірлер сапында тұр.
Ұлытау облысында негізгі жұмыс беруші – «Қазақмыс» корпорациясы. Компания өңірдің еңбекке жарамды халқының айтарлықтай бөлігін жұмыспен қамтып, тұрақты жалақы деңгейін қамтамасыз етеді, сондай-ақ әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асырады.
Өңірлер бойынша ең жоғары өсім 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, 2025 жылдың IV тоқсанында орташа айлық номиналды жалақының ең жоғары өсімі келесі өңірлерде тіркелді:
Ақмола облысында – 17,4%; Солтүстік Қазақстан облысында – 13,1%; Абай облысында – 11,7%; Алматыда – 11,5%; Жетісу облысында – 11,2%.