05.04.2026, 20:30

«Атыс дыбыстары естілген»: Астанада аулада жаппай төбелес болды

Фото: aqmeshit-aptalygy.kz

Оқиға Қасым Қайсенов көшесінің бойында орналасқан тұрғын үй кешендерінің бірінде болған.

Елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде түн ортасында болған жастар арасындағы жанжал тұрғындардың зәресін алды. Әлеуметтік желіде тараған видеода «атыс дыбыстары» естілгені айтылғанымен, тәртіп сақшылары жағдайдың мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

Оқиға Қасым Қайсенов көшесінің бойында орналасқан тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. Куәгерлердің сөзінше, түнде бір топ жас жігіт арасында қатты айқай-шу шығып, арты қақтығысқа ұласқан. Желі қолданушылары жанжал кезінде қару қолданылғанын айтып, дабыл қақты.

Астана қалалық Полиция департаменті аталған оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Мекеме мәліметінше, 5 сәуір күні қоңырау түскен бойда оқиға орнына жедел топ жіберілген.

«Қақтығысқа қатысушылардың тұлғасы анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Тексеру барысында атыс туралы ақпарат расталған жоқ. Жанжалдың туындауына жастар арасындағы жеке өшпенділік пен қызғаныш себеп болған», - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта құқық бұзушыларға қатысты тиісті шаралар қабылдануда.

Оқиға қатысушыларына қатысты «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Іс материалдары түпкілікті шешім шығару үшін сотқа жолданды.