Желіде видео пайда болды.
Астана қаласында Ш.Қосшығұлұлы көшесіндегі тұрғын үй кешенінің ауласында үш жасөспірім бөтен біреудің көлігін бүлдірген, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оқиғаның бейнежазбасы желіде тарады. Кадрлардан үш баланың көліктің капотына шығып алып, машинаның алдыңғы әйнегін теуіп жатқанын көруге болады. Оқыс оқиға Ш.Қосшығұлұлы көшесіндегі аулада болған. Бейнебақылау камералары бұл ауданда көліктердің бүлінуіне қатысты басқа да жағдайларды тіркеген. Астана қаласының Полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
«Полиция қызметкерлерімен Ш.Қосшығұлұлы көшесінде орын алған бөтеннің мүлкін бүлдіру дерегіне қатысы бар кәмелетке толмағандар анықталды. Кәмелетке толмағандардың жасын ескере отырып, олардың ата-аналары кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жиналған материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды», – делінген хабарламада.