Атырау облысы полиция департаменті аталған жайтты растады.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада бөлім басшылығының қарамағындағы қызметкерлерге дөрекі сөйлеп, күш қолданғаны байқалады. Атырауда арнайы жасақ қызметкерлеріне қатысты жанжалға байланысты қызметтік тексеру басталды, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.
Алдын ала мәліметке сәйкес, оқиға ақпан айында қызметтік бөлмеде болған. Қызметкерлер басшылық тарапынан құрметсіздік көрсетіліп, қызметтік өкілеттіктердің асыра пайдаланылғаны туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне арыз жолдаған.
Арызданушылардың айтуынша, арнайы жасақ командирі мен рота басшылары қызметкерлерге бейәдеп сөздер айтып, қолындағы затпен ұрған. Сондай-ақ оқиға кезінде командирлердің бірі есікті ішінен жауып тұрғаны айтылады.
Атырау облысы полиция департаменті аталған жайтты растады. Ведомствоның мәліметінше, қызметтік тәртіпті бұзу фактісі бойынша қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар бөлім басшылығының әрекеттеріне қатысты қызметтік тексеру басталып, оның нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданады.