07.04.2026, 23:30

Еліміз FIFA-2026-ға арналған 2000 күміс монета шығарады

Фото: Ұлттық банк

Оның ішінде 1500 дана Қазақстанның ішкі нарығына, ал 500 дана халықаралық нарыққа (MDM компаниясы арқылы) ұсынылады.

Қазақстан Ұлттық банкі «Спорт» сериясы аясында FIFA WORLD CUP 2026-ға арналған коллекциялық монеталарды айналысқа шығаратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы BAQ.KZ-ке сілтеме жасап. 

Ведомствоның хабарлауынша, монеталардың сатылымға шығу күні туралы ақпарат Ұлттық банктің ресми сайтында қосымша жарияланады.

Халықаралық жоба

Коллекциялық монетаны әзірлеуге немістің MDM Münzhandelsgesellschaft mbH & Co. KG Deutsche Münze (MDM) нумизматикалық компаниясы серіктес болған. Аталған компанияда FIFA тарапынан 2026 жылғы әлем чемпионатына арналған ресми лицензия бар.

Айта кетейік, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты – тарихтағы ХХІІІ турнир. Алғаш рет дода бірден үш елде – Канада, АҚШ және Мексикада өтеді. Сонымен қатар финалдық кезеңге қатысатын құрамалар саны 48-ге дейін ұлғайтылған.

Монетаның дизайны мен сипаттамасы

Монетаның реверсінде финалдық ойындарды қабылдайтын үш елдің – Канада, АҚШ және Мексиканың тулары бейнеленген. Орталық бөлігінде жер шарының континенттері және «FIFA WORLD CUP 26 TM» жазуы орналасқан. Төменгі жағында FIFA Әлем кубогы бейнеленсе, композицияның екі жағында футболшылар мен доптың көрінісі берілген.

Монета 925 сынамалы күмістен жасалған және түрлі түсті баспа технологиясымен безендіріліп, алтын жалатылған.

Негізгі сипаттамалары: массасы – 20 грамм; диаметрі – 37 мм; сапасы – proof; номиналы – 1000 теңге; жалпы таралымы – 2000 дана.

Оның ішінде 1500 дана Қазақстанның ішкі нарығына, ал 500 дана халықаралық нарыққа (MDM компаниясы арқылы) ұсынылады.

Заңды төлем құралы

Ұлттық банк мәліметінше, бұл монеталар Қазақстан аумағында өз номиналына сәйкес барлық төлем түрлері бойынша қабылданады. Сонымен қатар оларды барлық банктерде есепке алу, аудару, айырбастау және ұсақтау мүмкіндігі қарастырылған.

Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған.

Тегтер: ФИФА монета