Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесу кезінде айтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесу кезінде Курчатов қаласының жаңа мәртебесі туралы айтты, - деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Тоқаев инженерлік-техникалық кадрларды даярлау, ғылым қалашықтарын дамыту мәселелеріне назар аударды.
"Білікті инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға баса назар аударған жөн. Бұл ретте негізгі жауапкершілік жоғары оқу орындарына жүктеледі. Ұлттың зияткерлік қуаты дәл осы білім ордаларында қалыптасады", - деді ол.
Президент университеттер өз миссиясын адал атқарса, білікті мамандар мен кәсіби кадрлардың қатары арта түсері сөзсіз екенін баса айтты.
"Бұдан бөлек, ғылым қалашықтарына және қарқынды дамитын қалаларға жаңа технология енгізуді жолға қоюымыз керек. Қазір Курчатов қаласына ғылым қалашығы мәртебесін беру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр.
Инвесторларды осындай даму орталықтарына қаржы салуға ынталандыру қажет. Бұл да – Үкіметтің өзекті міндеттерінің бірі.
Тоқетерін айтсақ, алда атқаратын шаруа көп. Ширақ қимылдап, тиянақты жұмыс істеуіміз керек. Ғылым саласындағы күрделі мәселелерді мемлекет пен ғылыми қауымдастық күш жұмылдырып, бірлесе шешеді деп ойлаймын", - деді мемлекет басшысы.