Іс-шараға 15 өнеркәсіптік кәсіпорыннан 500-ден астам қызметкер қатысты.
Астанада кең ауқымды экологиялық бастама – «Таза Қазақстан» аясында «Таза қала» айлығы басталды. Осы бастаманы қолдау мақсатында қала бойынша еңбек ұжымдары сенбіліктер өткізіп жатыр. Мұндай экологиялық акция Индустриялық парк №1 аумағында, Ақбұлақ өзенінің жағасында да ұйымдастырылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Іс-шараға 15 өнеркәсіптік кәсіпорыннан 500-ден астам қызметкер қатысты. Қатысушылар өзен жағалауын тұрмыстық қалдықтардан тазалап, айналасын ретке келтірді.
Аталған акцияға «Led System Media», «Uniton», «ZTOWN Development», «IZO-Trub Astana», «Temir Tas KZ», «СК Керемет», «KURYLYS KAZ INVEST», «Баракат Инвест», «Стройдормаш», «Power Conversion System», сондай-ақ «LED Solutions», «Гипсовинил», «AVALON-K», «Теплотехник - НС» және «АСТ Бетон Компани» сынды кәсіпорындардың қызметкерлері қатысты.

«Осындай маңызды акцияға қатысқанымызға өте қуаныштымын. Күнделікті жұмысымызда экологияға көңіл бөлеміз, бірақ мұның орны бөлек. Барлығымыз бірге шығып, қаншама қоқыс жиналғанын көргенде, әрқайсымыздың жауапкершілігіміз бар екенін түсінесің. Бұл жай ғана тазалық емес, өзімізді және келесі буынды тәрбиелеу. Басқа кәсіпорындардан келген әріптестермен бірге бір мақсатта жұмыс істегеніміз ерекше әсер қалдырды. Мұндай бастамаларды алдағы уақытта да қолдай береміз», – деді «Гипсовинил» зауытының станок операторы Нұрбол Сахметов.
«Таза Қазақстан» бастамасы табиғатқа ұқыпты қарауды қалыптастыруға, қоршаған ортаны қорғауға және елді мекендерді көркейтуге бағытталған. Бұл жоба тұрғындарды, еңбек ұжымдарын және түрлі ұйымдарды тазалық пен жауапкершілік идеясы төңірегінде біріктіреді.

«Мен үшін “Таза Қазақстан” – бұл ең алдымен туған жерге, өмір сүріп, еңбек етіп жатқан ортаға деген құрмет. Қаламызды таза ету үшін қаншама адам жиналды! Жұмыс оңай болмады, бірақ атмосфера керемет болды – бәрі бір-біріне қолдау көрсетті. Біздің үлгіміз өзгелерге де әсер етіп, келесі акцияларда одан да көп адам қатысады деп сенемін», – деді «Power Conversion System» зауытының директоры Нұрлан Айтимов.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» аясындағы экологиялық акциялар елордада жалғасып, оған қатысушылар саны күн санап артып келеді.