11.04.2026, 18:30

Адамдарды сиырмен салыстырған – «ұстаз-блогер» Нұржан Смағұлов жауапкершілікке тартылды

Фото: видео скриншот

Сот шешімімен Н.Смағұлов әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Өзін діни «ұстаз» ретінде таныстыратын Н.Смағұлов Instagram әлеуметтік желісінде азаматтарды қорлау белгілері бар пікірлер айтылған видеоматериалдарды жариялаған, атап айтқанда оларды «сиырлармен» салыстырған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес әкімшілік хаттама жасады.

Сот шешімімен Н.Смағұлов әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде, яғни 108 125 теңге көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындалды.

Полиция Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтаудың маңыздылығын, сондай-ақ басқа азаматтардың сенімдері мен дүниетанымына құрметпен қарау қажеттігін еске салады.