11.04.2026, 14:20

Әкелер де шықты, прокурор клубы да жұмылды: №73 мектепте «Таза Қазақстан» акциясы қалай өтті

Фото: Sn.kz

№73 мектеп-лицейінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті. Бұл жолы шара тек тазалық жұмыстарымен шектелмей, мектептегі бірнеше бастаманы біріктірген ортақ іске айналды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Таңертеңнен бастап мектеп ауласында қызу жұмыс жүрді. Мұғалімдер, оқушылар және әкелер кеңесі бірігіп, аумақты қоқыстан тазалап, ағаш отырғызып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Әсіресе әкелердің белсенділігі көзге түсті.

Мектеп директоры Гүлшат Қалтаева бұл бастаманың тәрбиелік мәніне тоқталды: «Бұл жай сенбілік емес. Біз балаларға тазалықты сөзбен емес, іспен көрсеткіміз келеді. Қоршаған ортаны күту – әр адамның жауапкершілігі. Бүгін балалар соны өз қолымен жасап көріп жатыр», – деді директор.

Оның айтуынша, ата-аналардың қатысуы – бұл шараның ең маңызды бөлігі: «Әкелердің келуі – үлкен тәрбие. Бала әкесінің еңбек етіп жатқанын көрсе, оны қайталайды. Осындай ортақ істер арқылы біз оқушыларды жауапкершілікке, еңбекқорлыққа баулимыз», – деп атап өтті ол.

Бұл сенбілікке мектептегі прокуратура клубының мүшелері де белсенді қатысты. Бұған дейін құрылған клуб оқушылардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған.

Директор бұл бағыттың да маңызын атап өтті: «Біздің мектепте прокуратура клубы бұрыннан жұмыс істеп келеді. Бұл клуб оқушыларды заңды құр жаттауға емес, оны түсініп, өмірде қолдануға үйретеді. Бүгін сол клуб мүшелері де сенбілікке белсенді қатысып отыр. Бұл – олардың тек біліммен шектелмей, қоғамға пайдалы істерге араласып жатқанын көрсетеді», – деді Гүлшат Қалтаева.

Прокуратура клубының жетекшісі, 10-сынып оқушысы Сенғазы Жансері де сенбілікке қатысып, өз пікірін білдірді: «Біз “Таза Қазақстан” акциясы аясында клуб мүшелерімен және әкелер кеңесімен бірге мектептің тазалығына ден қойып жатырмыз. Ағаш отырғызып, ауламызды ретке келтірдік. Мұндай жұмыстар бізді біріктіреді», – дейді ол. Оның айтуынша, клуб мүшелері тек сабақпен шектелмей, қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласады: «Қазір біз бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, бкірге дамып келеміз. Әркім өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. Осындай шаралар арқылы біз тек білім алып қана қоймай, қоғамға пайдалы болуды үйренеміз», – деді Сенғазы Жансері.

Мектеп ұжымы мұндай бастамалар оқушылардың саналы, белсенді азамат болып қалыптасуына ықпал етеді деп есептейді.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы еліміз бойынша кең көлемде өтіп жатыр. Бастаманың негізгі мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру ғана емес, қоғамның әр мүшесін тазалыққа жауапты ету. Соңғы жылдары мұндай сенбіліктерге тек мемлекеттік мекемелер ғана емес, қарапайым тұрғындар, ата-аналар мен жастар белсенді қатыса бастаған.

Мамандардың айтуынша, тазалық мәселесі тек бір күндік акциямен шешілмейді. Бұл – күнделікті дағдыға айналуы тиіс мәдениет. Ал мектеп қабырғасында басталған мұндай жұмыстар болашақта саналы ұрпақ қалыптастырудың маңызды бөлігі саналады.

№73 мектеп-лицейіндегі бүгінгі сенбілік те осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі болды. Мұнда оқушылар тек аула тазалап қана қоймай, ортақ іске жұмылу, жауапкершілік алу және қоғамға пайда келтірудің мәнін іс жүзінде түсінді.