13.04.2026, 18:50

36 жоба, 226 жұмыс орны: Алматыда әлеуметтік кәсіпкерлікке қолдау күшейіп келеді

Фото: Алматы әкімдігі

Жалпы, аталған қолдау шараларының нәтижесінде Алматыда 226 тұрақты жұмыс орны құрылды.

Алматыда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жүйелі қолдау шаралары жүзеге асырылуда. «Алматы» ӘКК 36 кәсіпкерге қызметін жүргізу үшін бос тұрған тұрғын емес үй-жайларды ұсынды, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.

Нысандар жеңілдетілген шарттармен жалға берілген. Жалға алу құны 1 шаршы метр үшін 0,1 АЕК немесе 2026 жылы көрсеткіш бойынша 432,5 теңге болады. Бұл қаладағы орташа нарықтық бағадан едәуір төмен.

Үй-жайлар «Алматы» ӘКК балансында бос нысандар пайда болған сайын конкурстық негізде ұсынылады. Байқауға әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіміне енген кәсіпкерлер қатыса алады. Басымдық инклюзия, денсаулық сақтау және білім беру саласындағы жобаларға беріледі.

Жалға беру мерзімі — 3 жылға дейін, кейін ұзарту мүмкіндігі бар. Алайда сатып алу құқығы берілмейді. Сонымен қатар жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 3 айға дейін жалдау ақысы есептелмейтін жеңілдік кезеңі қарастырылған. 

Бағдарлама аясында ерекше қажеттілігі бар азаматтарды бейімдеу және оңалту, балаларға арналған білім беру жобалары, сондай-ақ түрлі жас санаттарына арналған шығармашылық және демалыс кеңістіктері іске қосылуда.

Әсіресе, жаңа жұмыс орындарын ашуға және әлеуметтік осал топтарды еңбекке тартуға ерекше назар аударылуда. Мәселен, жобалардың бірі аясында осал санаттағы әйелдерді жұмыспен қамтитын тігін цехы ашылған. 

Жалпы, аталған қолдау шараларының нәтижесінде Алматыда 226 тұрақты жұмыс орны құрылды.