15.04.2026, 20:00

Ұлттық Банк АҚШ Сауда палатасымен инвестициялық ынтымақтастықты талқылады

Фото: видео скриншот

Кездесу барысында тараптар Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жүзеге асырылып жатқан негізгі реформалар мен шараларды талқылады.

Қазақстан Ұлттық Банкінің делегациясы Төраға Тимур Сүлейменовтің жетекшілігімен Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тобының Көктемгі кездесулері аясында АҚШ Сауда палатасының (US Chamber of Commerce) өкілдерімен дөңгелек үстел форматында кездесу өткізді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Кездесу барысында тараптар Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жүзеге асырылып жатқан негізгі реформалар мен шараларды талқылады. Әсіресе, қаржы секторын тұрақтандыру, іскерлік ортаны дамыту және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары, жаңа бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері және инвестициялық әріптестікті нығайту тетіктері қаралды. Қазақстан тарапынан экономиканың басым салаларына инвестиция тарту, сондай-ақ халықаралық компаниялармен өзара тиімді байланыс орнату бағытындағы жоспарлар таныстырылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендерін білдіріп, инвестициялық диалогты жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.