17.04.2026, 18:20

Ақтөбе облысында 1 айға жуық уақыт іздестірілген 10 жасар баланың мәйіті табылды

Фото: Baq.kz

Мәйіт Елек өзенінен жағадан шамамен 3 метр қашықтықта, 1,5 метр тереңдікте анықталған.

Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында із-түзсіз жоғалған 10 жастағы баланы іздеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды  Sn.kz ақпарат порталы.

Бүгін Төтенше жағдайлар министрлігінің сүңгуірлері баланың денесін тапты. Мәйіт Елек өзенінен жағадан шамамен 3 метр қашықтықта, 1,5 метр тереңдікте анықталған.

Еске салсақ, 29 наурыздан бері 4-сынып оқушысын іздеу жұмыстары тәулік бойы жүргізілген. Бала үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған.

Іздестіру шаралары Сарыжар ауылы маңында ұйымдастырылып, оған ТЖМ қызметкерлері, полиция, жергілікті атқарушы органдар, әскери қызметшілер, еріктілер мен тұрғындар жұмылдырылды.

Күн сайын сүңгуірлер 30–35 шақырымға дейінгі су айдынын тексеріп, жүзу құралдары арқылы 25–30 шақырым су беті қаралған. Жаяу іздеу топтары жағалау бойымен 15–20 шақырым аумақты шолып шықты, ал дрондар көмегімен 10–15 шақырым жер бақылауға алынды. Сонымен қатар іздеу кезінде эхолоттар да қолданылған.

Алайда жұмыстарға өзеннің қатты ағысы, иірімді арналары, қалың өсімдіктер, сондай-ақ судың лайлығы мен көріну деңгейінің төмендігі айтарлықтай қиындық туғызған.