Іс-шараны қала әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы қолға алған.
Астанада түнгі бақылау күшейеді. Мәселен Сарыарқа ауданында кинорумдар мен ойын орталықтарына жаппай рейд ұйымдастырылды, деп хабарлайды деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Іс-шараны қала әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы қолға алған. Бұл – жай тексеріс емес. Соңғы уақытта дәл осындай орындарда кәмелетке толмағандардың түн ортасына дейін жүруі жиілеген. Соған байланысты билік «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында нақты қадамға көшіп отыр. Рейдке құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен еріктілер қатысады. Олар аудан аумағындағы 10-ға жуық кинорум мен PlayStation ойын клубтарын тексерді.
Негізгі назар – заң талаптарын бұзып, түнде ойын-сауық орындарында жүрген жасөспірімдерге аударылады. Мамандар тек балаларды анықтаумен шектелмейді. Тексеру барысында есірткі заттарын қолдану немесе тарату белгілері де қаралады. Өйткені дәл осындай жабық ойын орындары кейде бақылаудан тыс қалып, түрлі құқық бұзушылыққа жол ашатыны жасырын емес.
Сонымен қатар, нысан иелері де жауапкершіліктен сырт қалмайды. Егер заң бұзушылық анықталса, оларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп қана қоймай, тиісті шаралар қабылдануы мүмкін. Яғни, тек жастар емес, бизнес иелері де бақылауға алынады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай рейдтердің басты мақсаты – жазалау емес, алдын алу. Жастар арасындағы құқық бұзушылықты азайтып, қауіпті әрекеттердің жолын кесу. Сонымен бірге қоғамдағы құқықтық мәдениетті көтеру де маңызды міндеттің бірі. Қалада мұндай тексерістердің жиілеуі кездейсоқ емес. Соңғы жылдары түнгі ойын-сауық орындарына қатысты шағымдар көбейген. Әсіресе ата-аналар балалардың бақылаусыз жүруіне алаңдайды. Мамандардың пікірінше, қауіпсіз орта тек полицияның емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Сондықтан мұндай рейдтер тек бір реттік шара емес, жүйелі бақылаудың бір бөлігі ретінде жалғасуы мүмкін. Айта кетейік, рейд Сарыарқа ауданының бірнеше нүктесінде қатар өтеді. Нақты тексерілетін орындар алдын ала жарияланбайды. Қала билігі тұрғындарды заң талаптарын сақтауға шақырады. Ал ата-аналарға балалардың қайда, кіммен жүргеніне бейжай қарамау ескертіледі.