Үкімет басшысы бұл бағытта жүйелі өзгеріс керек екенін айтып, жауапты органдарға нақты нәтиже талап етілетінін ескертті.
Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздегі педагогтердің барлығы бірдей ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге дайын емес екенін ашық айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оның сөзінше, бұл мәселе азаматтардың жиі шағымынан байқалып отыр. Үкімет отырысында ол Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігіне нақты тапсырма берді — мұғалімдерге ерекше балалармен жұмыс істеуді үйрететін арнайы курстарды тұрақты түрде өткізу қажет.
Сондай-ақ, Премьер-министр инклюзивті орта құру мәселесі әлі де толық шешілмегенін атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірлерде спорт нысандары салынып жатқанына қарамастан, көптеген бассейндер мен қоғамдық орындар мүмкіндігі шектеулі жандарға толық бейімделмеген. Бұл әсіресе аймақтарда өзекті болып отыр.
Бұдан бөлек, Психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия жұмысы да сынға алынды.
Себебі ерекше балаларды тексеру кезегі бірнеше айға дейін созылып кетеді. Ал логопед, сурдолог, реабилитолог сияқты мамандардың жетіспеуі жағдайды одан әрі қиындатып отыр. Үкімет басшысы бұл бағытта жүйелі өзгеріс керек екенін айтып, жауапты органдарға нақты нәтиже талап етілетінін ескертті.