22.04.2026, 10:40

«Той басқаруына қарсымыз!»: Ақтаулықтар интим видеосы тараған асабаға бойкот жариялады (ВИДЕО)

Коллаж: sn.kz

Оқиға қоғамда қызу талқыланып, әлеуметтік желілерде сын пікірлер көбейді.

Маңғыстау облысында той индустриясына қатысты дау туындап, жергілікті асабалар мен өнер иелері ортақ шешім қабылдады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. Аймақтағы жүргізушілер қауымдастығы «Хан» лақап атымен танымал Қасым есімді асабаға қатысты ұжымдық ұстанымын жариялап, оны той жүргізу қызметінен шеттетуге шешім қабылдаған. Мұндай қадамға оның қатысуымен түсірілген бейнероликтің әлеуметтік желіде таралуы себеп болған. Қауымдастық өкілдерінің мәліметінше, әңгіме интимдік сипаттағы видео туралы болып отыр. Айтуларынша, ролик бастапқыда асабаның жеке телефонында болған, алайда кейін белгісіз жағдайда желіге тарап кеткен. Видео қысқа уақыт ішінде кең аудиторияға жетіп, тіпті мектеп жасындағы балалар арасында да таралған. Оқиға қоғамда қызу талқыланып, әлеуметтік желілерде сын пікірлер көбейді. Сын тек даулы жағдайға қатысы бар адамға ғана емес, тұтастай өңірдегі асабалар мен өнер адамдарына бағытталған. Осыған байланысты жергілікті өнер өкілдері өздерінің беделін қорғау мақсатында дауға іліккен жүргізушіден ашық түрде бас тартты. Олар оның Маңғыстау өңірінің тумасы емес екенін атап өтіп, болған жағдайды аймақ мәдениетімен байланыстыруға болмайтынын жеткізді. Қауымдастық мүшелері мұндай әрекетке барған адамның отбасылық мерекелерді жүргізуге моральдық құқығы жоқ деп санайды. Сонымен қатар, тараптар бұл іске байланысты тағы бір маңызды жайтқа назар аударды. Олардың айтуынша, видеоны таратты деп күдікке ілінген кәмелетке толмаған жасөспірімнің тағдыры алаңдатады. Мұндай жағдай оның болашағына кері әсер етуі мүмкін екені айтылды. Желіде тараған видеоүндеуде банкет залында сөз сөйлеген өкілдің артында жиырмадан астам асаба мен өнер иесі қатар тұрғаны көрінеді. Бұл олардың ортақ шешімге келгенін аңғартады. Қауымдастық өкілдері өз мәлімдемесінде: халық арасында «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген сөз барын еске салып, бір адамның әрекеті тұтас өңірдің беделіне нұқсан келтіріп жатқанын айтты. Сонымен қатар, мұндай жағдайға жол берген азаматтың той басқаруына жол берілмейтінін және іске қатысы бар жасөспірімнің болашағы да назардан тыс қалмауы тиіс екенін атап өтті.