22.04.2026, 20:30

Арал тағдыры таразыда: Тоқаев көрші мемлекет басшыларын нақты әрекетке шақырды

Фото: Ақорда

Бұл – аумақтың орнықты даму үлгісі бола алатын бірегей табиғи әрі ғылыми нысан.

Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Аралдың экожүйесін қалпына келтіру бойынша бірлескен күш-жігердің арқасында оң нәтижеге қол жеткізілгеніне мән берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

– Теңіздегі су көлемінің 18,9-дан 23,5 текше шақырымға дейін ұлғаюы Арал маңындағы балық шаруашылығына, жалпы әлеуметтік-экономикалық ахуалға жағымды әсер етті. «Арал» геопаркі құрылды. Бұл – аумақтың орнықты даму үлгісі бола алатын бірегей табиғи әрі ғылыми нысан. Жобаның басты мақсаты – Арал теңізінің табиғи-экологиялық және тарихи мұрасын сақтау. Қазіргі уақытта оны ЮНЕСКО геопарктері жаһандық желісінің нысандары қатарына қосу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Осылайша, Қазақстанның төрағалығы Қордың тиімділігін көтеруге бағытталды. Қолдау көрсетіп, бірлесе әрекет еткен барлық құрылтайшы мемлекеттерге шынайы алғысымды айтамын. Жұмыла жұмыс істеп, мақсат пен нақты істі сабақтастыра отырып, халықтарымыздың тұрақты болашағын қамтамасыз етуде бұдан да зор табыстарға қол жеткізе алатынымызға сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі жетістіктерге қарамастан, экологиялық қатерлердің өсу қарқыны оны төмендету мақсатында қабылданған шаралардан асып түседі. Мұны Арал теңізі бассейнінің қазіргі жағдайын талдау нәтижелері көрсетіп отыр.

– Арал бассейніндегі экологиялық ахуал алаңдатарлық. Оны барлығыңыз жақсы білесіздер. Арал маңайындағы климат айтарлықтай өзгеріске ұшырады: жаздағы ауа температурасы орта есеппен 2-2,5 градусқа көтерілді, құрғақшылық күшейіп, қыс суық бола түсті. 100 шақырым шеңберінде жауын-шашын көлемі азайды. Құмды дауыл жиіледі. Аралқұм шөлінен жыл сайын ондаған миллион тонна тұз, құм, түрлі химиялық заттар атмосфераға көтеріледі. Олар әлемнің ең шалғай түкпірлерінен, мәселен, Солтүстік Мұзды мұхиттан табылып, алыс аумақтағы топыраққа, экожүйеге және адамдардың денсаулығына зиян келтіріп отыр. Теңіз табанынан ұшқан тұзды шаңның Тянь-Шань мен Памир мұздықтарына дейін жетуі алаңдаушылық туғызады. Дүниежүзілік метеорология ұйымының мәліметіне сүйенсек, мұздықтар үшін кейінгі гидрологиялық жыл бақылау жұмыстары басталғаннан бергі (1950 жылдан) ең нашар кезең болған. Мұздықтардың азаюы тұтас аймақтағы су қауіпсіздігіне қатер төндіруде. Сондай-ақ су тұтыну көлемі тұрақты түрде артып келеді. Барлық су ресурстарының 80 пайыздан астамы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылады, яғни, суармалы жүйедегі шығын азаймай тұр. Мұндай жағдайда келісілген және ұзақмерзімді шешімдер әзірлеген жөн. Стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі ауқымды шешімдерді бірлесіп қабылдап, өнімді жұмыс істей алатынымызды әлемге паш етейік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент су проблематикасын аймақ елдеріне ортақ әрі халықаралық қоғамдастық назар аударатын өзекті мәселе ретінде қарастыруға шақырды.

– Бұл ұлттық деңгейдегі немесе тактикалық емес, әлемдік маңызы бар стратегиялық міндет. Сондықтан нақты іске көшу керек. Қор жұмысының ұйымдастыру механизмдерін жаңарту да өзекті. Сол арқылы Ұйым қызметінің қолданбалы сипаты күшейе түседі. Біздің ойымызша, Қордың өңірге ортақ платформа ретіндегі рөлін нығайта түскен жөн. Осылайша, су, экология және орнықты даму мәселелерін Орталық Азия елдерінің мүддесіне сай тиімді шешуге болады. Бұған дейін қалыптасқан өзара ықпалдастықты дамытқан дұрыс. Халықаралық сарапшылардың бақылауынша, соңғы жылдары су мәселесінде аймақ елдері өз мүдделерін алға шығарып отыр. Яғни халықаралық аспектілер, өзара ынтымақтастық, соның ішінде көршілес мемлекеттердің қажеттілігі ескерілмейді. Олардың пікірінше, су-энергетика саласында тепе-теңдіктің болмауы, трансшекаралық өзендерді басқару тәртібінің бұзылуы, экологиялық зардаптың салдарын елемеу – негізгі себеп. Дәл осындай қиын жағдайда әр елдің суға қатысты стратегиясын ұштастыруға ұмтылып көру керек. Бұл су үнемдеу ісіндегі озық тәжірибелерді кеңінен таратуға мүмкіндік береді. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының былтырғы Консультативтік кездесуінде халықаралық стандарттарға сүйене отырып, Суды пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенция қабылдауды ұсынған едім. Мұндай конвенция қабылдау көпжақты ықпалдастықтың келісілген қағидаттарын бекітуге және трансшекаралық суды пайдаланудың тиімділігін арттыруға жол ашады. Осы мәселеге зейін қоюларыңызды сұраймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев су саласын цифрландыруды, соның ішінде Сырдария мен Әмудария бассейндерінде мониторингтеудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін енгізуді басты міндет ретінде атады. Бұл тетік деректердің ашықтығы мен нақтылығын қамтамасыз етеді.

– Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария бассейніндегі он учаскені автоматтандыруға кірісті. Осы тәжірибені Арал теңізіндегі барлық бассейнге енгізуге болар еді. Қорды институционалдық тұрғыдан одан әрі дамыту мәселесі өзекті. Бұл үдеріс біршама созылып кетті деп ойлаймын. Кезек күттірмейтін міндеттің бірі – Мемлекетаралық энергетика комиссиясын құруды аяқтау. Елдерімізді тұрақты әрі сенімді түрде сумен қамту бойынша энергетика саласындағы іс-қимылды үйлестірудің маңызы зор екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Сондықтан, біздің ойымызша, Қордың су шаруашылығы және энергетика комиссияларының отырыстарын ұштастырған жөн. Ең әуелі, мемлекетаралық энергетика комиссиясының Сырдария өзені бассейніндегі жұмысын жолға қою орынды деп санаймыз. Одан кейін ықпалдастық тетіктерін жетілдіре отырып, Арал теңізінің тұтас бассейнін қамту арқылы бұл форматтың аясын кеңейтуге болады. Бірнеше кезеңнен тұратын мұндай тәсіл аймақтағы барлық елдің мүддесін сақтауға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан Президенті.