22.04.2026, 18:10

Тоқаев көтерген жасанды интеллект тақырыбы Астанадағы жиында талқыланды

Фото: дереккөз

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық технологияларды дамыту барысында ұлттық қауіпсіздік, ақпараттық гигиена және қоғамның, әсіресе жас ұрпақтың мүддесін қорғау мәселелері қатар жүруі тиіс екенін нақты тапсырып отыр.

Астанада бұқаралық ақпарат құралдары бас қосып,  бүгінгі күннің аса өзекті тақырыбы – жалған ақпарат дәуіріндегі масс-медиа рөлі туралы пікір алмасты. Себебі бүгінде журналист тек ақпарат жеткізуші ғана емес, сонымен қатар фактчекинг жасаушы, сарапшы және қоғам алдындағы жауапты тұлға десе де болады. Әрбір жарияланған материал – бұл тек мәтін немесе видео емес, ол қоғамға әсер ететін құрал.

Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығы ұйымдастырған шараға қалалық, республикалық және халықаралық БАҚ өкілдері қатысып, пікір алмасты.  

Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісінің Байланыс жөніндегі кеңесшісі Хасан Кучуккандемирдің айтуынша, дезинформациямен күрес – қазіргі кезеңдегі маңызды басымдықтардың бірі. Кеңесші Түркияда бұл бағытта арнайы құрылымдар жұмыс істейтінін және халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуға дайын екенін жеткізді.

Журналист, «Aman bala» әлеуметтік жобасының авторы Гүлмира Алякпарова атап өткендей, бүгінгі таңда жалған ақпарат – тек ақпараттық мәселе ғана емес, ол қоғамдық тұрақтылыққа, ұлттық қауіпсіздікке, тіпті жеке адамдардың тағдырына ықпал ететін күшке айналды. «Ал жасанды интеллектінің көмегімен жасалған фото, -видео материалдар балалардың психологиялық тұрақтылығына, эмоциялық дамуына кері әсерін тигізіп отырғаны аса алаңдатады», - деді ол.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық технологияларды дамыту барысында ұлттық қауіпсіздік, ақпараттық гигиена және қоғамның, әсіресе жас ұрпақтың мүддесін қорғау мәселелері қатар жүруі тиіс екенін нақты тапсырып отыр.

Мемлекет басшысы жасанды интеллектімен жұмыс істеу дағдысын қалыптастыруды мектеп қабырғасынан қолға алуды тапсырған болатын. «Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе, жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр… Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе артта қалудың салдары өте ауыр болады», - деген еді Қ.Тоқаев Қазақстан халқына кейінгі Жолдауында. Өз кезегінде TRT Kazakstan телеарнасының басшысы Мехмед Чалышкан, TRT Kazakstan арнасы Түркі мемлекеттерімен бірлесіп, цифрлық қауіптерге қарсы ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыруға күш салып жатқанын жеткізді.

Бұл бағытта Түркі елдерінің басшылары қолға алған бірлескен іс-қимылы туралы айтар болсақ, 2025 жылдың қазан айында Әзербайжанда өткен Түкі мемлекеттері ұйымының ресми саммитінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Астанадағы Alem.AI жасанды интеллект орталығында Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық инновациялар орталығын құруды, орталықта бірлескен стартап жобаларды дамытуды, солайша, цифрландыру және жасанды интеллектінің әлеуетін халықтарымыздың игілігі үшін ұтымды пайдалануды ұсынған еді. Ал биылғы сәуір айында Alem.AI жасанды интеллект орталығының алғашқы нәтижелерімен Қазақстанға ресми сапармен келген Түркия вице-президенті Джевдет Йылмаз танысып қайтқан болатын.

Ал 2026 жылғы 15 мамырда Түркістан қаласында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымы  басшыларының бейресми саммитінде дәл осы «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбы талқыланады деп жоспарлануда.