29.04.2026, 10:00

Саудаға салынған сәби мен заңсыз вебкам желісі: қылмыстық топтар ұсталды

Фото: depositphotos.com

Сәуір айында Ішкі істер министрлігі ел көлемінде "STOP трафик" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.

Қазақстанда адам саудасына қарсы күрес аясында бірқатар ауыр қылмыстық схемалар анықталды,деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Сәуір айында Ішкі істер министрлігі ел көлемінде "STOP трафик" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Нәтижесінде адам саудасына байланысты 41 қылмыс тіркеліп, оның 9-ы кәмелетке толмағандарға қатысты болған.

ІІМ өкілдерінің айтуынша, жастарды азғындық сипаттағы әрекеттерге тартатын, сондай-ақ қоғамның моральдық-адамгершілік ахуалына кері әсер ететін заңсыз қызметпен айналысатын тұлғалар мен топтарды анықтауға ерекше назар аударылуда.

«Жастарды деструктивті әрекеттерге тарту, отбасы құндылықтарына нұқсан келтіру және өскелең ұрпақ тәрбиесіне кері ықпал ететін құқықбұзушылықтардың жолын кесу — басты міндеттердің бірі», — деді ІІМ өкілі Қуандық Алпыс.

Сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Абай, Атырау, Жамбыл, Павлодар және Маңғыстау облыстарында жастарды азғындатуға қатысты күдіктілерге қарсы 20 қылмыстық іс қозғалды. Бұдан бөлек, АИТВ жұқтыру дерегі бойынша 15 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, порнографиялық материалдарды заңсыз тарату бойынша тағы 5 іс тіркелді. ІІМ адам саудасына қарсы іс-қимыл, азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.