10.05.2026, 10:30

Талғарда 2 оқушы суға батып көз жұмды

Фото: видео скриншот

Бұл су қоймасында шомылуға тыйым салынған.

Талғар ауданының Өстемір ауылы маңында орналасқан "Саз Талғар №2" су қоймасында екі оқушы суға батып кетті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қайғылы жағдай туралы хабарлама 8 мамыр күні 112 нөміріне келіп түскен. Ата-анасының қарауынсыз қалған екі кәмелетке толмаған жасөспірім демалысқа арналмаған аумақтағы су айдынының маңында болған. Сөйтіп абайсызда суға құлап кеткен.

Жалқамыс ауылының әкімі Нұрбол Еріқұлының айтуынша, 9-сынып оқушылары ауылдан шамамен бес шақырым жерде орналасқан “Саз Талғар” бөгетіне шомылуға барған.

"Бұл су қоймасында шомылуға тыйым салынған. Тіпті, балық аулауға да болмайды. Соған қарамастан, екі оқушы суға түскен", – деді әкім.

Қайғылы оқиға болған жағалау маңынан оқушылардың киімі, телефоны және велосипед табылды.

Оқиға орнына Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары дереу жіберілді. Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында құтқарушылар екі жасөспірімнің денесін судан алып шықты.

Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды су айдындарында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға, балаларды қараусыз қалдырмауға және қауіпті су аймақтарына бармауға шақырады.