Қазақстанда да ана мәртебесін айқындайтын бұл күн ерекше мәнге ие.
Мереке мамыр айының екінші жексенбісінде АҚШ, Канада, Германия, Италия, Түркия, Жапония, Бразилия және Аустралия сынды 20-дан астам мемлекетте тойланады. Қазақстанда да ана мәртебесін айқындайтын бұл күн ерекше мәнге ие, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ананы қорғау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Өйткені ана – тек отбасының ұйытқысы емес, рухани құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіретін негізгі тұлға.
Осы мақсатта Қазақстан халқы Ассамблеясының «Аналар кеңесі» жұмыс істейді. Қазіргі таңда оның республика бойынша 1713 бөлімшесі бар. Оның ішінде 17 облыстық, 56 қалалық, 159 аудандық және 1481 ауылдық бөлімше қызмет етеді. Кеңес құрамында 16 051 әйел бар.
Бұл құрылым отбасы институтын нығайтуға, жастар тәрбиесіне, ұлттық салт-дәстүр мен отбасылық құндылықтарды дәріптеуге үлес қосып келеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ерте балалық шақты баланың дамуы үшін шешуші кезең деп бағалайды. Сондықтан ана болу тек отбасылық мәртебе емес, баланың денсаулығы мен психологиялық тұрақтылығына тікелей ықпал ететін маңызды миссия.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының дерегінше, отбасында балалармен тұрақты бірге болатындардың 44,5%-ы – әйелдер, ал ерлердің үлесі – 25,6%. Бұл күнделікті күтім мен тәрбиеде ананың рөлі басым екенін көрсетеді.
Аналардың демографиялық маңызы да зор. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2000-2025 жылдар аралығында Қазақстанда ана болудың орташа жасы 26-дан 29 жасқа дейін өскен.
Сонымен бірге туу көрсеткіші төмендеп келеді. Егер 2020 жылы жалпы туу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 22,75 болса, өткен жылы 16,43-ке дейін азайған.
Дегенмен оң өзгерістер де бар. Соңғы бес жылда елімізде ана өлімі 35%-ға төмендеді. Сондай-ақ нәресте және перинаталдық өлім көрсеткіштері азайған.