10.05.2026, 14:30

Көкшетауда жеңіл көлік әйел адамды қағып өлтірді (ВИДЕО)

Фото: видео скриншот

Жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданындағы аулалардың бірінде адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әлеуметтік желілерде 9 мамыр күні Көкшетаудың бір шағын ауданында болған жол-көлік оқиғасы түсірілген видео тарады. Кадрдан көлік аулаға кіріп келе жатып, жаяу келе жатқан әйелді қағып, үстінен басып өткенін көруге болады. Одан кейін көліктен әйел жүргізуші мен жолаушылар жүгіріп шыққан.

Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

— Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, — деп мәлімдеді ведомство.

Оқиғадан кейін Сарыарқа шағын ауданының тұрғындары аулаға кіреберіске жасанды жол кедергісін (лежачий полицейский) орнатуды немесе жалғыз кіреберіс тұсқа шлагбаум қоюды, не болмаса екінші кіреберіс ашуды сұрап бейнеүндеу жасады.

Полиция өкілдері өз жауабында Қазақстан Республикасы жол қозғалысы ережелерінің 17-бөліміне сәйкес, тұрғын аймақта жаяу жүргіншілердің тротуармен де, жолдың жүріс бөлігімен де жүруіне рұқсат етілетінін түсіндірді. Тұрғын аймақта жаяу жүргіншілер басымдыққа ие, алайда олар көлік қозғалысына негізсіз кедергі келтірмеуі тиіс.

Сондай-ақ полиция аула аумақтарында көліктің транзиттік (өтпелі) қозғалысына тыйым салынатынын және тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кез келген әрекеттерге жол берілмейтінін еске салды.

— Жасанды жол кедергілерін, қосымша жол белгілерін және қозғалысты ұйымдастырудың басқа да элементтерін орнату мәселелері заңнамада белгіленген тәртіппен жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп және қаланың бас жоспарын ескере отырып шешіледі, — деп толықтырды полиция.