Мұражай мамандары мемлекеттік архивтен Әлияның сегізінші хатын анықтаған.
Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың осы уақытқа дейін белгісіз болып келген хаты табылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Батыр қыздың бала күнгі досына жазған жазбасы енді Ақтөбедегі Әлия Молдағұлованың мемориалдық мұражайы экспозициясында көпшілікке ұсынылды.
Мұражай мамандары мемлекеттік архивтен Әлияның сегізінші хатын анықтаған. Бұған дейін қорда оның туыстары Сапура мен Бисембай Қабиевтерге жолдаған жеті хаттың көшірмесі ғана сақталған еді. Ал жаңа табылған құжат журналист әрі сценарист Сейілхан Асқаровтың жеке архивінен шыққан.
Хатта Әлия бала күнгі досы Олегке мергендер мектебінде білім алып жатқанын және жақын арада майданға аттанатынын жазған. Ол бірнеше рет әскери комиссариатқа барып, жасына байланысты кері қайтарылса да, табандылығының арқасында мақсатына жеткенін айтқан.
Сонымен қатар батыр қыз хатында кеңестік жазушы Аркадий Гайдардың сөздері өзіне үлкен әсер бергенін де атап өткен.
Мұражай қызметкері Айсұлу Тұралиеваның мәліметінше, бұл хат шамамен 1943 жылы, Әлияның мергендер мектебін үздік бітірген тұсында жазылған. Қысқа ғана жазбада оның туған жерге деген сағынышы, достарына деген ықыласы және ел қорғауға деген жігері айқын сезіледі. Көп ұзамай батыр қыз 54-арнайы атқыштар бригадасының құрамында майданға аттанған.
Әлияның хаттары тек тарихи құжат қана емес, отансүйгіштік пен қайсарлықтың айқын көрінісі ретінде бағаланып отыр.