Ол 1941-1945 жылдар аралығындағы соғысты неліктен әлі күнге дейін Ұлы Отан соғысы деп айтып жүргенімізді түсіндірді.
Мәжіліс депутаты, тарихшы Еркін Әбіл Qasqa Jol YouTube арнасында қонақта болды. Тарихшы көпті толғандырып жүрген сұрақтарға жауап берді, - деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ол 1941-1945 жылдар аралығындағы соғысты неліктен әлі күнге дейін Ұлы Отан соғысы деп айтып жүргенімізді түсіндірді.
"Біз әлі ұлт ретінде қалыптасту үстіндеміз. Толық қалыптасу үшін 2-3 ұрпақ ауысуы керек. Бізде Кеңес одағының бірегейлігіл әлі қалған. Сол кезде туып-өскендер посткеңестік кезеңде қалып отыр. Қызыл ту, Алма-Ата деп айту оларға сіңіп кеткен. Оны да түсіну керек. Оған тыйым салу дұрыс емес. Тек ол сананын өзгерту керек. Жастар басқаша ойланады. Ұлы Отан соғысы деп неге айтамыз? Біздің Отанымыз емес қой, деп сұрақ қойған студенттерім болды. Ол дұрыс сұрақ. Ресей үшін ол Отан соғысы. Олар өздерін Кеңес одағының мұрагері санайды. Ал біз Кеңес одағының жалғасы емеспіз. 140 жыл ғана империя құрамында болдық, оған дейін мың жылдық тарихымыз болды. Қазақстан үшін Отан соғысы емес. 1991 жылдан кейін туғандар Кеңес одағына қатысы жоқтар. Солай ақырындап Екінші дүниежүзілік соғыс дегенге келе жатырмыз", - деді ол.
Тарихшының сөзінше, уақыт өте Қазақстан үшін 9-мамыр "Жеңіс күнінің" еш мәні қалмайды.
"Фронтқа сұранғандардың көбі әке-шешесінің тәрбиесін көрмегендер. Ашаршылық кезінде буындар сабақтастығы үзіліп кетті. Оларды кінәлауға болмайды. Сондықтан олар Сталин, Кеңес одағы үшін соғысқа сұранды. Тарихтың тағы бір эффекті бар. Мен соғысқа қатысқан атамды өз көзіммен көрдім. Келесі буын көрген жоқ. Мен үшін Отан соғысының тарихы тірі тарих. Ал менің балам үшін жай қағаз жүзіндегі тарих. Оларда іштен шыққан эмоция болмайды. Бірте-бірте Екінші дүниежүзілік соғыс та тарих болып кетеді. Бұл өзі сондай заңдылық. Ал Ресейде ол қалады. Өйткені оларға біріктіретін идея керек. Саяси ұлт болған соң тарихи маңызды идея керек. Федерация үшін бұл біріктіретін эпизод. Біз үшін ол маңызды емес. Алаш зиялылары, ашаршылық, тәуелсіздік, Алтын орда осылар маңызды. Бірте-бірте біз үшін 9-Мамыр да маңыздылығын жоғалта бастайды. Ресейдің парад ұйымдастыруы ұлтты біріктірудің бір түрі. Бұл ішкі пікірталас туғызбайды", - деп тарқатты тарихшы.