12.05.2026, 10:40

Өскеменнің экс-әкімінің апелляциялық соты өтетін күн белгіленді

Фото: gov.kz

Жақсылық Омар қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкіміне апелляциялық шағым түсірген.

Алты жылға бас бостандығынан айырылған Өскеменнің экс-әкімі Жақсылық Омардың апелляциялық соты өтетін күн белгіленді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ірі мөлшердегі алаяқтық және ірі мөлшерде пара алу баптары бойынша кінәлі деп танылған Өскемен қаласының экс-әкімі, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болған Жақсылық Омар қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкіміне апелляциялық шағым түсірген.

Сот құжаттарынан мәлім болғандай, апелляциялық сот отырысы 20 мамыр сағат 11:00-ге белгіленді. Жәбірленуші тарап пен қорғаушылардың апелляциялық шағымдары қылмыстық-процестік кодекстің талаптарына сәйкес келеді.

Еске салсақ, бұған дейін Жақсылық Омардың 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылғаны хабарланған. Сондай-ақ оның мүлкі, яғни Toyota Camry автокөлігі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.