12.05.2026, 22:30

Алматыда 7 жасар қызды қағып өлтірген жүргізуші бостандыққа шықты

Фото: видеодан скриншот

Бұл турал сотталушының адвокаты Камилла Думчебаева мәлімдеді. 

Алматыда жаяу жүргіншілер өткелінде жеті жасар Айзере Ибраеваны қағып, өліміне себеп болған жүк көлігінің жүргізушісі мерзімінен бұрын бостандыққа шықты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қайғылы оқиғадан кейін Алматы қалалық полиция департаменті адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Тергеу барысында жүк көлігін басқарған 66 жастағы шетел азаматы ұсталды.

Марқұм қыздың туыстары жүргізуші қызды байқамай қалды деген уәжбен келіспей, көрінбейтін аймақтың пайда болуына себеп болған автобус жүргізушісін де жауапқа тартуды талап еткен.

Сот жүк көлігінің жүргізушісін Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Сонымен бірге оған 5 жылға көлік басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалған.

Кейін тараптар үкімге апелляциялық шағым түсіргенімен, сот негізгі шешімді өзгеріссіз қалдырды. Тек моральдық және материалдық өтемақы көлемі қайта қаралып, бастапқы талап етілген 18,2 миллион теңге 5,5 миллион теңгеге дейін қысқартылды.

Жуырда сотталушының адвокаты Камилла Думчебаева қорғауындағы азаматтың босап шыққанын мәлімдеді.

«Бұл оқиғада баланы қараусыз қалдырған туыстары да, кенеттен аялдаған автобус жүргізушісі де қоғам сынына ұшырады. Алайда жауапкершілік тек жүк көлігінің жүргізушісіне жүктелді. Ол 2 жыл 6 айға сотталған болатын. Бір жылын колонияда өткізді. Бүгін жаза айыппұлмен алмастырылып, бостандыққа шықты», — деді адвокат.

Айыппұлдың нақты көлемі әзірге жария етілмеді.