13.05.2026, 09:30

Банкке кіру қиындайды: қауіпсіздік пе, әлде халықты бақылау ма?

Фото: ЖИ

Бұған қоса, пайдаланатын телефон нөмірінің де нақты өзіне тиесілі екені расталуға тиіс.

12 шілдеден бастап Қазақстанда мобильді банкке тіркелу тәртібі түбегейлі өзгереді. Енді азаматтар бұрынғыдай телефон нөмірін енгізіп, қосымшаға оп-оңай кіре алмайды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жаңа қаулысына сәйкес, банк клиенті міндетті түрде мемлекеттік биометриялық база арқылы тексеруден өтуі керек, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұған қоса, пайдаланатын телефон нөмірінің де нақты өзіне тиесілі екені расталуға тиіс. Қаулы 2026 жылғы 20 сәуірде қабылданған. Құжат банктерге ғана емес, сақтандыру ұйымдары мен цифрлық қаржы қызметін көрсететін барлық құрылымға ортақ талап енгізіп отыр. Онда кибершабуыл туралы хабарлау тәртібі, клиент деректерін сақтау, жүйені шифрлау, қызметкерлердің ақпараттық қауіпсіздігіне дейін түгел қамтылған.

Ресми түсініктеме біреу -  қауіпсіздік.

Шынында, соңғы жылдары интернет-алаяқтық көбейді. Қазақстандықтар күн сайын жалған банк қызметкерлеріне алданып, несиеден көз ашпай қалды. Ұлттық банктің мәліметінше, елде қолма-қол ақшасыз төлем көлемі жыл сайын артып келеді. Миллиондаған адам банк қосымшасын күнделікті тұрмыстың негізгі құралына айналдырған.

Бірақ жаңа талаптардың екінші жағы да бар.

Енді қарапайым адам өз ақшасына қол жеткізу үшін мемлекет базасына тәуелді болады. Жүйе сіздің бетіңізді тануы керек. Телефон нөміріңіз базаға дұрыс тіркелуі керек. Биометриялық сәйкестік расталуы керек.

Ал егер жүйе қателессе ше?

Ауылдағы интернет ұстамай қалса не болады? Егде жастағы адамның телефоны биометрияны қолдамаса қайтпек? Мемлекеттік база істен шықса, клиент банкке кіре алмай отырғаны үшін кім жауап береді?

Қаулыда мұндай сұрақтарға нақты жауап жоқ.

Соңғы жылдары банктер қауіпсіздік мәселесін клиенттің мойнына артып қойғандай әсер қалдырады. Алаяқтық көбейсе - қосымша тексеру енгізіледі. Дерек тараса - клиент сақ болмады делінеді. Картадан ақша жоғалса - «сілтемені өзіңіз басқансыз» деген жауап дайын тұрады.

Ал банктердің өзінің жауапкершілігі қай деңгейде?

Қазақстанда фишинг сайттары әлі күнге дейін еркін жұмыс істейді. Жалған колл-орталықтар азаматтарды алдап жүр. Онлайн несие рәсімдеу фактілері тоқтаған жоқ. Бірақ соның салдарын қарапайым халық көтереді.

Енді оған биометрия қосылды.

Қаулыға сәйкес, банктер барлық кіру әрекетін, IP-мекенжайды, қауіпсіздік баптауларын, аккаунт өзгерістерін тіркеп, ұзақ уақыт сақтауға міндетті. Бұл техникалық тұрғыдан түсінікті болғанымен, қоғамда басқа сұрақ туғызады: Қазақстан қаржы жүйесі арқылы азаматтарды толық цифрлық бақылауға көшіп бара жатқан жоқ па?

Бүгін банкке кіру үшін бет-әлпет сұралады. Ертең басқа қызметтер де осы талапты енгізуі мүмкін.

Ең алаңдатарлығы - құжатта жауапкершілік мәселесі көмескі қалған. Егер биометриялық дерек тараса кім жауап береді? Жүйедегі ақаудан клиент зардап шексе шығынды кім өтейді? Банк деректердің қауіпсіздігіне нақты кепіл бола ала ма?

Бұл сұрақтарға нақты тетік көрсетілмеген.

Қазақстанның қаржы жүйесі соңғы жылдары халыққа қызмет көрсетуден гөрі, халықтан барынша көп мәлімет жинауға бейімделіп бара жатқандай көрінеді. Қауіпсіздік керек екені түсінікті. Бірақ қауіпсіздік азаматтың еркіндігін шектейтін құралға айналмауы тиіс.

Өйткені банк - халыққа қызмет көрсету үшін құрылған жүйе. Халықты күдікпен бақылау үшін емес.

Соңғы жылдары әлемдік тәжірибеде биометриялық сәйкестендіру кеңінен енгізіліп келеді. Еуропа мен АҚШ-та ол көбіне қосымша қауіпсіздік құралы ретінде пайдаланылады. Бірақ бұл елдерде басты принцип өзгермейді: пайдаланушы әрдайым балама қолжетімділікке ие болуы керек. Қазақстандағы жаңа модельдің ерекшелігі - биометрияның міндетті деңгейге көтерілуі. Сала мамандарының айтуынша, мұндай жүйе тиімді болғанымен, бірнеше тәуекелді қатар алып жүреді. Біріншісі - орталықтандырылған деректер базасының қауіпсіздігі. Егер бірыңғай мемлекеттік база бұзылса, миллиондаған азаматтың биометриялық деректері қауіпке ұшырауы мүмкін. Екіншісі - технологиялық тәуелділік. Жүйе істен шыққан жағдайда немесе сәйкестендіру қателессе, азамат қаржылық қызметтерге қол жеткізе алмай қалуы ықтимал. Үшіншісі цифрлық теңсіздік. Қазақстанда интернет сапасы әркелкі, ал смартфон қолданбайтын немесе ескі құрылғы пайдаланатын азаматтар әлі де бар. Бұл топ үшін жаңа талаптар қосымша кедергіге айналуы мүмкін. Сонымен қатар, халықаралық тәжірибеде биометриялық деректердің таралуы қайтымсыз қауіп ретінде қарастырылады. Парольді ауыстыруға болады, ал адамның бет-әлпеті немесе биологиялық дерегі өзгермейді. Сарапшылардың айтуынша, дәл осы фактор биометриялық жүйелерді енгізуде ең үлкен жауапкершілік жүктейді - әрі мемлекетке, әрі қаржы ұйымдарына.