Нұрдәулеттің әпкесі Римма Елеусізова мұндай жағдайдың бұған дейін де болғанын айтып, оның жабулы күйде қалғанын жеткізді.
Мырзалының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Марқұмның жақындары 16 жастағы студент әлімжеттіктің құрбаны болды деп есептейді.
Нұрдәулет Мырзалы фельдшер мамандығында оқыған. Ата-анасының айтуынша, қайғылы оқиға болған түні жоғары курс студенттері оны жатақхананың фитнес залына апарып, соққыға жыққан. Сондай-ақ олар жедел жәрдемді уақытында шақырмағанын әрі болған жағдайды жасыруға тырысқанын мәлімдеді.
Марқұмның әкесі Руслан Сейсенбаевтың сөзінше, студенттер Нұрдәулетті әуелі бөлмесіне жеткізіп, кейін вахтаға алып түскен. Туыстары жатақханада бақылаудың әлсіз болғанын және әлімжеттік деректері жиі кездесетінін айтты.
Нұрдәулеттің әпкесі Римма Елеусізова мұндай жағдайдың бұған дейін де болғанын айтып, оның жабулы күйде қалғанын жеткізді.
“Жертөледен екінші этаждағы бөлмесіне алып бара жатқан кезде біреу көріп шыңғырған. Қанмен сүйреп алып бара жатқан. Сосын оны көріп бөлмесіне тығып қойған. Сосын ақпан айында бір бала осылай өлген. Ол өлгенде кешірім берген де, сонымен жауып тастаған”, – дейді Нұрдәулеттің әпкесі Римма Елеусізова.
Қазіргі уақытта іс бойынша “денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру” бабы негізінде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бір студент күдікті ретінде қамауға алынған. Марқұмның туыстары оқиғаға қатысы бар өзге студенттер мен жауапты қызметкерлер де заң алдында жауап беруі тиіс деп отыр.
Колледж әкімшілігі ішкі тексеру басталғанын мәлімдеді. Басшылық студенттердің тәртібін қадағаламаған бірнеше қызметкердің жұмыстан шығарылғанын хабарлады. Оқу орны өкілдерінің айтуынша, оқиға тұрмыстық жанжал салдарынан туындауы мүмкін.