Kәсіпкерлер барлық төлем түрлерін тең дәрежеде қабылдауға міндетті.
Қазақстанда кәсіпкерлер сатып алушылардан тек қолма-қол ақшамен төлем жасауды талап ете алмайды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, банк картасы немесе QR-төлем қабылдаудан бас тартқан кәсіпкерлерге 432 500 теңгеге дейін айыппұл қарастырылған.
Мемлекеттік кірістер органдарының хабарлауынша, кейбір сатушылар мен қызмет көрсетушілер қолма-қол ақшасыз төлемдерді — банк карталары мен QR-аударымдарды қабылдамай, тек қолма-қол есеп айырысуды талап ететін жағдайлар тіркеліп жатыр.
Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіруінше, мұндай әрекеттер «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» ҚР Заңының 25-бабын бұзады. Заңға сәйкес, сатып алушы тауар мен қызмет ақысын қолма-қол, банк картасы немесе QR-төлем арқылы төлеуге құқылы. Ал кәсіпкерлер барлық төлем түрлерін тең дәрежеде қабылдауға міндетті.
Төлем карталарын қабылдаудан бас тартқан кәсіпкерлерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 194-бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылған.
Алғашқы құқық бұзушылық кезінде ескерту беріледі. Ал қайталанған жағдайда айыппұл салынады:
— шағын бизнес субъектілері үшін – 40 АЕК (173 000 теңге);
— орта бизнес үшін – 60 АЕК (259 500 теңге);
— ірі бизнес үшін – 100 АЕК (432 500 теңге).
Сонымен қатар сатушылар сатып алушыларға фискалдық чек беруге міндетті. Чек беруден бас тарту да әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады.
Егер сатушы карта немесе QR арқылы төлем қабылдамай, тек қолма-қол ақша талап етсе, азаматтар Мемлекеттік кірістер органдарына шағым түсіре алады. Өтінішті eOtinish сервисі арқылы жолдауға болады.
Шағымға фото, видео, чек немесе куәгерлердің айғақтарын қоса тіркеу ұсынылады.