Блогердің айтуынша, Шаолиньдағы тәжірибе оған тек физикалық дайындық емес, рухани тұрғыда да үлкен өзгеріс сыйлаған
Қазақстандық блогер Медет Жанатұлы Қытайдағы әйгілі Шаолинь монастырында бір айға жуық уақыт өткізіп, кунг-фу өнерін үйренгенін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әлеуметтік желіде тараған видеода блогердің күн тәртібі көрсетілген. Ол таңғы сағат 06:00-де оянып, кешкі 22:00-де ұйықтаған. Сондай-ақ күніне үш рет жаттығу жасағаны белгілі болды. Осындай қатаң режимнің арқасында Медет үш апта ішінде 7 келі салмақ тастаған.
Блогердің айтуынша, Шаолиньдағы тәжірибе оған тек физикалық дайындық емес, рухани тұрғыда да үлкен өзгеріс сыйлаған
«Мұнда мен күштің агрессияда емес екенін түсіндім. Нағыз күш – сабырда», – деді ол.
Медеттің сөзінше, монастырьдағы өмір тәртіп, медитация және өзін-өзі жеңу қағидаларына құрылған. Шифулар алдымен адамның өз қорқынышын, еріншектігін және эгосын жеңуі маңызды екенін үйреткен.
Сондай-ақ блогер Шаолиньда әртүрлі елден келген адамдармен танысып, «kung fu family» тапқанын айтты. Оның пікірінше, бұл сапар өз-өзін қайта тануға мүмкіндік берген ерекше кезең болған.