14.05.2026, 12:40

Салтанат Нүкенованың өлімі: Байжановтың жазасы өзгеріссіз қалды

Фото: Ольга Ибраева, Orda.kz

Прокурор Асқарова да алғашқы инстанция сотының шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұрады.

Кассациялық сот Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты аса ауыр қылмысты жасырғаны үшін сотталған Бақытжан Байжановтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмай, үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Сот отырысында адвокат Әлібек Секеров қорғауындағы азаматтың бұрын сотталмағанын, мінездемесінің жақсы екенін, кәмелетке толмаған үш баласы барын және отбасының жалғыз асыраушысы екенін айтты. Сонымен қатар, оның марқұмға дене жарақатын келтірмегенін алға тартты.

– Сот ҚР Қылмыстық Кодексі 55-бабының, 2-тармағы, 2-тармақшасына жүгінді. Бұл норма жоғары жазаны тағайындауды ғана емес, нақты жағдайларға байланысты жазаны төмендетуді де қарастырады. Демек, жазаны ауырлататын факторлардың жоқтығы, керісінше, жеңілдететін себептердің болуы аталған норма бойынша жазаны төмендетуге негіз бола алады, - деді Әлібек Секеров.

Осыған байланысты қорғаушы тарап жаза мерзімін қысқартуды немесе оны ҚР ҚК-нің 63-бабындағы «Шартты соттау» нормасына ауыстыруды сұрады.

Ал жәбірленуші тараптың адвокаты Әлия Омарова Байжановтың оқиға орнына таңғы 10:20 шамасында келіп, жедел жәрдемді тек кешкі уақытта шақырғанын атап өтті. Оның айтуынша, сотталушы күні бойы ауыр қылмыстың ізін жасыруға әрекет еткен.

Прокурор Асқарова да алғашқы инстанция сотының шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұрады. Мемлекеттік айыптаушы сот үкімі қылмыстың ауырлығы мен сотталушының жеке деректерін ескере отырып шығарылғанын айтты.

– Сот жаза тағайындағанда, жасалған қылмыстың ауырлық деңгейі мен қоғамға қаупін, сотталушыға қатысты жеке деректерді, жазаны жеңілдететін жағдайлардың бар екенін және ауырлататын себептердің жоқтығын толықтай ескерді. Осылайша, жаза ҚР ҚК 52-бабына сәйкес және 55-баптың 2-тармағындағы талаптарды ескере отырып, тағайындалды. Ол әділ және жасалған қылмысқа сай, - деді прокурор.

Судья Сералин қорғаушылардың, Байжановтың жұбайы Айнұр Күлдееваның, марқұмның ағасы Айтбек Амангелдінің, олардың адвокаттарының және прокурордың пікірін тыңдап, кассациялық шағымды қанағаттандырудан бас тартты.

Сот мәліметінше, Байжанов Нүкенова қайтыс болғаннан кейін қылмыс ізін жасыруға бағытталған бірнеше әрекет жасаған. Атап айтқанда, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің мейрамханаға кіруіне кедергі келтіріп, VIP-бөлмеге баратын жолды жапқан, мекеме қызметкерлерін таратып жіберген, бейнебақылау жазбаларын өшіріп, камераларды сөндірген. Сондай-ақ Нүкенованың телефонын басқа жерге апарып, мейрамханаға бірнеше мәрте әйел адамның киімдерін әкелген.

– Байжанов аса ауыр қылмысты алдын ала жоспарламай жасыру бойынша кінәлі деп танылды. Сот сотталушының Нүкенова қайтыс болғаннан кейін, аса ауыр қылмыс жөнінде біле тұра, оның ізін жасыру шараларын атқарғанын анықтады, - деді судья.

Айта кетейік, 2025 жылдың тамызында Байжановқа Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай рақымшылық жасалған. Соның нәтижесінде оның жаза мерзімі үштен бірге қысқарып, 1 жыл 4 ай 17 күнге азайтылған.