15.05.2026, 15:00

«Анам дені сау бала күтті ғой»: Қара маскадағы жігіт бірнеше дерті бар курьерге пәтер сыйлады (ВИДЕО)

Фото: коллаж Sn.kz

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялаған.

«Маскадағы жігіт» ауыр сырқатқа шалдыққан 31 жастағы Александрға қаржылай көмек те берген, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Курьер болып күнелтіп жүрген ол церебралды сал ауруымен күресіп келеді. Мұнан бөлек, оның аяғында да ақау бар, қалқанша безінің қатерлі ісігі анықталған және көру қабілеті де дұрыс емес. Сонда да ол өмірдің сан түрлі қиындығына қарамай, ақ адал еңбек етіп жүр. Курьер бесінші қабаттағы жалдамалы пәтерде жалғыз тұрғанын айтқан. Күндіз инженер-бағдарламашы болып жұмыс істейді, ал кешке курьер болып табыс табады.

– Курьер болып жүргенімде кей адамдар күледі. Әрине, бұл маған ауыр тиеді. Бірақ кейде мүгедектігіме де шүкір деймін. Мүмкін, тағдыр мені осылай бір нәрседен қорғап жүрген шығар, – дейді Александр.

Ол өзін әкесі тастап кеткенін, анасы ішімдікке салынғанын айтты.

– Анам да дені сау бала күтті ғой. Ал мен мүгедек болып тудым. Кейде анамның ішімдікке салынуына өзімді кінәлаймын. Кәдімгі ұл сияқты анаммен қыдырғым келеді. Қолға көтеріп, арқалап жүргім келеді. Бірақ оған шамам жоқ, – дейді ол.

Александрдың қазіргі жағдайы әлеуметтік желіде кең тарағаннан соң бетперделі жігіт оған баспана сыйлады. Онымен тоқталмай, емделуіне қаражат берген. Әлеуметтік желі пайдаланушылары курьердің өмірге деген күш-жігеріне тәнті болып, тілектерін жарыса жазып жатыр.