Бүгінде Қазақстанда Starlink және OneWeb компанияларының жерсеріктік байланыс технологиялары белсенді түрде енгізілуде.
Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысушы елдердің президенттеріне Қазақстанның цифрлық экономикасын дамыту және аймақтағы технологиялық серіктестікті нығайту бастамалары жайында мәлімет берілді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бүгін Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшылары жаңа орталықтың қазығын қағып, іргетасын қалады.
Кешеннің негізгі идеясы – түркітілдес халықтарды әлем тарихында елеулі орны бар, терең философиясы мен мемлекеттілік дәстүрі қалыптасқан ұлы өркениет ретінде дәріптеу. Мұнда ортақ тарихи мұраны ғылыми тұрғыдан зерделеуге, жүйелеуге, мәдени туризм мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән берілмек.
Орталықтың архитектуралық шешімі ерекше символикалық мәнге ие. Кеңістікте түркі дүниетанымындағы Тәңір, Ергенеқон, Көкбөрі, Жерұйық, Дала, Өмір ағашы сияқты маңызды ұғымдар бейнеленеді.
Ал мазмұндық құрылымы жағынан экспозициялар бірнеше тақырыптық аймақтарға бөлінеді.
Көрермендер тарихи оқиғаларды терең сезіну үшін виртуалды және толықтырылған шынайылық (VR, AR), голография, жасанды интеллект, иммерсивті дыбыс пен жарық секілді озық технологиялар қолданылады.
Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәртебелі меймандарға еліміз ЖИ-ді стратегиялық басымдық ретінде қарастыратынын баяндады. Бұл орайда инфрақұрылымды, адами капиталды және инновациялық өнімдерді дамыту арқылы толық экожүйе құрылмақ.
Бүгінде Қазақстанда Starlink және OneWeb компанияларының жерсеріктік байланыс технологиялары белсенді түрде енгізілуде. Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту елдің транзиттік әлеуетін жаңа деңгейге көтереді.
Фото: Ақорда
Есептеуіш қуатын арттыру бұл саладағы маңызды қадамға айналды. Аймақтағы ең ірі суперкомпьютерлер іске қосылды. Енді «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» атты ауқымды жоба қолға алынбақ. Қуаттылығы 1 ГВт-тан асатын хаб AI-есептеулерді ұсынуға негізделген экономиканың жаңа экспорттық моделінің іргесін қалайды.
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ынтымақтастығы ғарыш саласында да нәтиже беруде. Еліміз Өзбекстан, Түркия және Әзербайжан мемлекеттерімен бірлесіп, CubeSat ғылыми жерсерігін әзірлеп жатыр. Оны ғарышқа келесі жылы ұшыру жоспарланған.
Фото: Ақорда
Жасанды интеллект мемлекеттік басқару жүйесінде кеңінен қолданылуда. eGov AI асситенті, AlemGPT платформасы секілді шешімдер мемлекеттік қызметтерді анағұрлым жетілдіре түседі.
Қазақстанда мектептер мен TUMO орталықтарынан бастап, арнаулы AI Research университеттерде жалғасатын үздіксіз білім беру жүйесі қалыптасып келеді.
Аlem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы мамандар мен стартаптар тоғысатын орынға айнала алады. Онда зерттеу жұмыстарынан жаңа өнімді қолданысқа енгізуге дейінгі толық цикл жүзеге асырылады.
Фото: Ақорда
Президенттерге көлік-логистика кешенін цифрландыру жұмыстары таныстырылды. Салаға жасанды интеллектіні енгізу үдерістерді жеңілдетуге, кедергілерді азайтуға және өңірдің транзиттік әлеуетін нығайтуға жол ашады.
Бұған дейін Қазақстан Цифрлық шешімдердің Азия-Тынық мұхиты өңірлік орталығын құру жөнінде бастама көтергені белгілі. ТМҰ-ға мүше елдер бұл ұсынысқа қолдау білдірді. Соның нәтижесінде Бангкок қаласында өткен БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхиты аймағына арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының 82-сессиясында орталықты Алматы қаласында ашу туралы қарар қабылданды. Қазақстан тарапы өз бастамасын қуаттағаны үшін серіктестеріне алғыс айтты.