16.05.2026, 12:00

Теміртауда күз айында төселген асфальт көктемде тесілді

Фото: видеодан скриншот

Тұрғындар «көзбояушылықпен жасалған сапасыз тірлік» деп, жауапты азаматтардан шұғыл шара қолдануды талап етуде.

Қарағанды мен Алматы облыстарында жаңадан жасалған жолдардың сиқы қашқан сорақы жағдай тіркелді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Теміртаудағы Құрылысшылар даңғылында жаз бойы жөндеу жүріп, күзде ғана төселген асфальт көктем шыға бере үгітіліп қалды. Дәл осындай сапасыз жұмыс Боралдай кентінде де қайталанып, тұрғындардың ашу-ызасын тудырып отыр. Қос өңірде де жолдың ойылып, терең шұңқырға айналуы кәріз құдықтарының айналасында байқалған.

Тұрғындар «көзбояушылықпен жасалған сапасыз тірлік» деп, жауапты азаматтардан шұғыл шара қолдануды талап етуде. Әбден қажыған халық жолда біреу мертікпей тұрып, бұл «қақпандардың» көзін жоюды сұрайды.

Қыруар қаржы жұмсалған жолдардың бір қыстан шықпай жатып тесілуі - мердігерлер мен жергілікті әкімдіктің жауапсыздығын анық көрсетеді. Салық төлеушілердің ақшасы тағы да далаға ұшты, ал халық күнделікті өмірде көлігін де, жанын да қауіпке тігіп жүр.

Бұл мәселеге қатысты Теміртау мен Боралдай әкімдіктері әлі де нақты, сауатты жауап берген жоқ. Жол сапасын бақылайтын органдар мен әкімдердің бұл сорақылыққа қашан көз жұмбай қарайтыны белгісіз. Тексеріс жүріп, кінәлілер жазаланбаса, бюджеттің ақшасын көктемгі сумен бірге ағыза беру үрдісі тоқтамайды.