19.05.2026, 13:00

5 адам ажал құшқан: АҚШ-тағы мешітте қанды оқиға тіркелді (ВИДЕО)

Фото: JOHN GASTALDO/EPA/Shutterstock

Оқиға орнына ондаған полиция қызметкері, арнайы жасақ және жедел жәрдем бригадалары жұмылдырылды.

АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан-Диего қаласында орналасқан Ислам орталығында болған қарулы шабуыл салдарынан бес адам көз жұмды. Полиция бұл оқиғаны діни өшпенділік негізінде жасалған қылмыс ретінде тергеп жатыр. Бұл туралы Sn.kz ақпарат порталы Dw.com порталына сілтеме жасап хабарлады.

Қайғылы оқиға 18 мамыр күні Сан-Диего округіндегі ең ірі мешіттердің бірінде болған. AP, dpa және Reuters агенттіктерінің мәліметінше, полицияға оқиға туралы хабар жергілікті уақытпен сағат 11:40 шамасында түскен. Құқық қорғау органдары жедел түрде оқиға орнына жетіп, аумақты бақылауға алған.

Сан-Диего полициясының басшысы Скотт Уолдың айтуынша, атыс салдарынан үш ер адам қаза тапқан. Олардың арасында Ислам орталығының күзетшісі де бар. Кейінірек екі күдіктінің мәйіті табылды. Алдын ала ақпарат бойынша, олар өздеріне қол жұмсаған болуы мүмкін.

Оқиға кезінде бірнеше адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Полиция күдіктілердің 17 және 19 жастағы екі жас жігіт екенін мәлімдеді. Қазір олардың жеке басы мен шабуылдың нақты себебі анықталып жатыр.

Атыс мешіт орналасқан кешен аумағында болған. Бұл жерде мешітпен қатар мектеп те орналасқан. Оқиға кезінде ғимаратта балалар болғанымен, олардың барлығы қауіпсіз жерге эвакуацияланып, зардап шекпеген. Мектепте араб тілі, исламтану және Құран оқу сабақтары өткізілген.

Тергеушілердің мәліметінше, оқиға өте қысқа уақыт ішінде өрбіген. Атыс мешіт маңында және жақын аудандарда да болған. Кейін бірнеше квартал жерден табылған көліктің ішінен екі күдіктінің денесі анықталған.

Оқиға орнына ондаған полиция қызметкері, арнайы жасақ және жедел жәрдем бригадалары жұмылдырылды. Аудан қоршауға алынып, бірқатар көшелер уақытша жабылды. Калифорния штаты мен Сан-Диего қаласының билігі тұрғындарға қауіп жоқ екенін хабарлады.

Қазір іске АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы да қосылған. Осы жағдайдан кейін Нью-Йорк, Вашингтон және Лос-Анджелес қалаларында мешіттер мен басқа да діни нысандардың қауіпсіздігі күшейтілетіні айтылды.

Тегтер: США мешіт атыс