Аталған екі оқушы бір сыныпта білім алып, бірдей бейіндік пәндерді таңдаған.
16 мамыр күні Түркістан қаласындағы «TULGA SCHOOL» жекеменшік мектебінің 11 «Д» сынып оқушылары Жаңбырбай Айсұлтан мен Нышанбаев Жасур Ұлттық бірыңғай тестілеуде 140 ұпай жинап, ең жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Аталған екі оқушы бір сыныпта білім алып, бірдей бейіндік пәндерді таңдаған. Сонымен қатар олардың болашақ мамандық бағыттары да ұқсас. ҰБТ барысында Дүниежүзі тарихы мен ағылшын тілі пәндерін таңдаған талапкерлер халықаралық IELTS емтиханынан 6,5 балл иеленген. Бұл көрсеткіш олардың тек ұлттық тестілеуге ғана емес, халықаралық деңгейдегі білім талаптарына да жоғары дайындықпен келгенін көрсетеді.
Нышанбаев Жасур – Түркістан қаласының тұрғыны. Ол қаңтар айындағы алғашқы ҰБТ-да 120 балл жинап, наурыз айындағы тестілеуде нәтижесін 128 балға дейін көтерген. Ал мамыр айындағы негізгі тестілеуде жүйелі дайындық пен табанды еңбектің нәтижесінде 140 балл көрсеткішіне қол жеткізді.
Ал Жаңбырбай Айсұлтан Шымкент қаласынан арнайы келіп, мектеп жатақханасында тұрып білім алған. Ол қаңтар айындағы ҰБТ-да 125 балл, наурыз айындағы тестілеуде 128 балл жинап, әр кезең сайын өз нәтижесін жақсартып отырған. Нәтижесінде, негізгі ҰБТ барысында межелі мақсатына жетіп, ең жоғары көрсеткіш – 140 ұпай иегері атанды.
Қос түлектің де таңдауы – Максут Нәрікбаев атындағы университет (MNU). Олар болашақта аударма ісі мамандығы бойынша білім алып, халықаралық деңгейде қызмет етуді көздеп отыр. Ағылшын тіліне деген қызығушылық пен үздіксіз ізденіс оқушылардың жоғары нәтиже көрсетуіне негіз болды.
Бұл нәтиже – тек екі оқушының емес, ата-ананың сенімі, ұстаздардың тынымсыз еңбегі мен мектептегі сапалы білім беру жүйесінің нақты жемісі. Бір сыныптан екі бірдей 140 балл иегерінің шығуы – өңір біліміндегі үлкен жетістік.
Қазір Түркістан өңірінде білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осындай жоғары нәтижелер – атқарылған жұмыстың нақты дәлелі