$ 467.58  543.66  6.44

Алтын Орда – әлем өркениетіне ықпал еткен қуатты империя - Тоқаев

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Астанада «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум өтіп жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев симпозиумның ашылу салтанатында сөз сөйледі.

Іс-шараға әлемнің 20-дан астам елінен делегация қатысып отыр. Олардың қатарында тарихшы-медиевистер, археологтар, шығыстанушылар, түркітанушылар, моңғолтанушылар, нумизматтар, эпиграфика мамандары, саясаттанушылар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, дипломаттар және халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.

«Баршаңызға Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиумға қош келдіңіздер деп айтқым келеді.

Ең алдымен, Астанаға арнайы келген қадірлі меймандарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Менің алдымда сөз сөйлеген атақты ғалымдар мен беделді халықаралық ұйымдардың өкілдеріне алғыс айтамын. Сөздеріңіз мағыналы, мазмұнды болды.

Алтын Орда – Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын еркін жайлап, Ұлы дала төсінде билік құрған қуатты империя болғанына ешқандай тарихшы күмән келтірмейді, бұл – мойындалған тарихи дерек.

Алтын Орда Батыс пен Шығысты жалғап, түрлі өркениеттердің дамуына, мемлекеттердің қалыптасуына ерекше ықпал еткен аса ірі саяси құрылым болды. Бұл да – дәлелденген дерек. Сондықтан Алтын Орда тарихы көптеген іргелі зерттеулерге арқау болғаны анық.

Дегенмен бұл тақырып әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ, меніңше, ешқашан жоғалтпайды», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің маңызды жобаларына қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО басшылығына алғыс айтты.

«Бұл – ұлт жылнамасы мен әлем тарихы үшін өте маңызды мәселе.

Біз халықаралық ғылым қауымдастығымен бірлесе отырып, осы тақырыпты жүйелі әрі жан-жақты зерделеу жұмысын жалғастыруымыз керек. Бірнеше күнге созылатын іс-шараның негізгі мақсаты да – осы.

Бұл тұста Қазақстанның бастамасына қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО басшылығына ризашылығымды айтқым келеді.

Бұл форумға қатысып отырған ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры Одрэ Азуле ханымға алғысымды айтамын. Сіз Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы әріптестікті нығайтуға мол үлес қостыңыз.

Симпозиумның осындай беделді жаһандық ұйым аясында өтуі Алтын Орда мұрасының әлемдік ауқымдағы мән-мағынасы зор екенін көрсетеді.

Бүгінгі жиынға ЮНЕСКО-ның жоғары деңгейдегі өкілі, Бүкіләлемдік мұралар орталығының директоры Элунду Ассомо Лазар мырза бастаған делегация қатысып отыр.

Жалпы, еліміз ЮНЕСКО-ның қолдауымен көптеген маңызды жобаны жүзеге асырды. Нақты айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы тас петроглифтері, сондай-ақ бірнеше көне қала бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді.

Сонымен қатар ұлтымыздың материалдық емес мәдени мұраларын дәріптеу бағытында ауқымды жұмыс жүргізілді.

Мәселен, былтыр ғана «Хандар шежіресі» деп аталатын бірегей қолжазба әлемдік деңгейде мойындалды. Бұл – ел билеген тұлғалар туралы мәліметтерді топтастырған, соның ішінде Алтын Орда кезеңін қамтыған құнды құжат.

Сондықтан біз байланысымызды одан әрі дамытуға мүдделіміз. Бұл – өзара тиімді, маңызды шаруа».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0