"Ескіліктің шырмауында қалу – надандық пен қараңғылыққа апаратын жол".
Астанада «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум өтіп жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев симпозиумның ашылу салтанатында сөз сөйледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Ата-бабадан қалған мол мұраны қазіргі заманның құндылықтарымен және озық технологиямен ұштастыру – маңызды»
«Біз әлемдегі маңызды геосаяси және өркениет орталығы ретінде өз тарихи миссиямызды қайта жаңғырта бастадық. Бұл үдерісте халықтарымыздың, соның ішінде, өскелең ұрпақтың теңдессіз рухы мен күш-қуаты шешуші рөл атқарады. Соның арқасында қазір біз алдымызға биік мақсаттар қойып, маңызды міндеттерді орындап келеміз. Сондықтан ата-бабадан қалған мол мұраны қазіргі заманның құндылықтарымен және озық технологиямен ұштастыру – маңызды. Тарихты зерттеу дегеніміз – өткенмен өмір сүру немесе көнені көксеу емес. Ескіліктің шырмауында қалу – надандық пен қараңғылыққа апаратын жол. Түп-тамырымызды толыққанды танып-білу арқылы ұлт дамуының көкжиегін кеңейте түсу қажет. Біз осы қағиданы терең түсіне отырып, жаңа Ата заңда мәдени мұраларымызды сақтауға, білім мен ғылымды, инновацияны дамытуға айрықша басымдық бердік. Бұл маңызды жұмысты бастап та кеттік. Мен бір апта бұрын Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу туралы арнайы Жарлыққа қол қойдым. Баршаңызға белгілі, қазіргі заманауи технология өмірдің барлық саласына түбегейлі еніп, ауқымды өзгерістерге жол ашып жатыр. Бұл үрдіс адамзат болашағына тікелей ықпал етері анық. Бір сөзбен, озық технология күн сайын аса жоғары қарқынмен дамуда. Бұл – ХХІ ғасырдың ақиқаты. Біз мұны жақсы түсінеміз. Сондықтан заман талабына тез бейімделе алатын зерделі ұрпақ тәрбиелеуге баса мән беріп отырмыз», - деді Президент.