11 жылдық еңбектің нәтижесі ретінде түлектер де, ата-аналар да есте қаларлық, салтанатты кеш өткізгісі келеді.
Асхат Аймағамбетов мектеп бітіру кештеріне қатысты қоғамда үлкен талқылау туғызған мәселеге пікір білдіріп, бұл тақырыптың оңай емес екенін айтты.
Оның сөзінше, бір жағынан мектеп бітіру - оқушы өміріндегі ең маңызды сәттердің бірі. 11 жылдық еңбектің нәтижесі ретінде түлектер де, ата-аналар да есте қаларлық, салтанатты кеш өткізгісі келеді.
Бірақ мәселенің екінші жағы да бар. Депутаттың айтуынша, кейбір ата-аналар үшін бітіру кештері тым қымбатқа түсіп отыр - шығын кей жағдайда 300 мыңнан бастап, 500 мың, тіпті 1 миллион теңгеге дейін жетеді. Бұл жағдай қоғамда әлеуметтік теңсіздік сезімін күшейтіп, балаларға да психологиялық қысым түсіруі мүмкін.
Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің мұндай шараларға шектеу қарастыруы - ең алдымен қауіпсіздік пен әлеуметтік әділеттілік мәселесінен туындап отыр.
Алайда Аймағамбетов маңызды бір жайтты ерекше атап өтті: мектептегі ресми шаралар ешқайда жоғалып жатқан жоқ.
Соңғы қоңырау, мектеппен қоштасу, ресми бітіру кештері - бәрі сақталады. Тыйым” деген түсінік бұл жерде толық емес. Негізгі талқыланып отырғаны - қымбат бейресми кештер мен бақылаусыз өтетін мерекелер.
Дегенмен қоғамда тағы бір алаңдаушылық бар: егер мектеп ішіндегі формат қатаң шектелсе, түлектер сыртта - коттедждерде, мейрамханаларда, бақылаусыз түрде жиналуы мүмкін деген қауіп айтылып жүр.
Бұл да өз кезегінде қауіпсіздік тәуекелін арттырады. Қазір негізгі шешім құзырлы министрліктердің қарауында.