20.05.2026, 14:35

Тоқаев Кения Президентіне І дәрежелі «Достық» орденін тапсырды

Фото: Ақорда

"Қарым-қатынасымызды дамытудағы күш-жігеріңіз ерекше маңызға ие". 

Мемлекет басшысы Кения Президенті Уильям Рутоға І дәрежелі «Достық» орденін тапсырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жоғары деңгейдегі келіссөздер Қазақстан-Кения қарым-қатынасын одан әрі тереңдетуге, оны жаңа деңгейге шығаруға берік негіз қалағанын айтты.  

– Қарым-қатынасымызды дамытудағы күш-жігеріңіз ерекше маңызға ие. Сізді Қазақстанда сенімді дос және халықаралық деңгейдегі көрнекті мемлекет қайраткері ретінде таниды. Кенияны экономикалық тұрғыдан өркендетуге, елді жаңғыртуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды реформаларыңыз құрметке лайық, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Кения Президентінің Африкадағы бірлікті сақтауға, әлемдік қоғамдастықпен мазмұнды серіктестікті дамытуға ықпал ететін сындарлы диалогқа бейіл екенін атап өтті.  

– Қазақстан мен Кения арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқаныңызды ескере отырып, Сізге І дәрежелі «Достық» орденін тапсыруды зор мәртебе санаймын. Бұл жоғары марапат – Қазақстанның шексіз құрметі мен ризашылығының, сенім мен өзара құрметке негізделген қарым-қатынасты жандандыру ниетінің белгісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.