Сейсмологтардың мәліметінше, жерасты дүмпуі жергілікті уақытпен сағат 09:00-де болған.
Түркияның Малатья провинциясында магнитудасы 5,6-ға тең күшті жер сілкінісі тіркелді. Жер асты дүмпулері көршілес бірнеше өңірде айқын сезілген. Бұл туралы елдің Төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою басқармасы хабарлады, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.
Сейсмологтардың мәліметінше, жерасты дүмпуі жергілікті уақытпен сағат 09:00-де болған. Жер сілкінісінің эпицентрі Малатья провинциясының Батталгази ауданында, 7,03 шақырым тереңдікте орналасты. Алғашқы қуатты соққыдан кейін, шамамен бір жарым сағаттан соң өңірде магнитудасы 3,6-ға тең афтершок (қайталанған дүмпу) тіркелді.
Жер асты тербелістері тек Малатьяда ғына емес, сонымен қатар іргелес жатқан Кахраманмараш, Диярбакыр және өзге де көршілес провинцияларда қатты сезіліп, тұрғындарды үрейлендірді. AFAD және Түркия Ішкі істер министрі Мустафа Чифтчидің мәлімдемесіне сәйкес, қазіргі сағатта ешқандай қираулар мен адам шығыны тіркелген жоқ. Құтқарушылар аймақты барлауды жалғастыруда.
Малатья провинциясының губернаторы Седдар Явуз қауіпсіздік мақсатында өңірдегі барлық білім беру орындарында сабақ бір күнге тоқтатылғанын жариялады. Жер сілкінісінен кейін қаланы ауыз сумен қамтамасыз ететін негізгі бастаулардың бірінде судың лайлануы (помутнение) байқалған. Мамандар су сапасын тексеріп жатыр, тұрғындарға сақ болу ескертілді.
Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Жағдай биліктің тікелей бақылауында.